Ошат Рақымов: «Мұғалімім шашымды қырқып, қолыма берді»

Oinet.kz 20-02-2014 1223

maxresdefault.jpg

Ошат Рақымов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс: 

Атақты Арыс пен Ақсу өзендерінің тоғысқан жерінде, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданының бұрынғы «Қызыл әскер» колхозы, қазіргі «Құтарыс» деп аталатын жасыл желекке оранған ауылда 1939 жылдың қауын піскен мезгілінде дүниеге келіппін.Шешем сегіз құрсақ көтерген. Содан қалғаны екі әпкем және мен үшеуміз ғана. Ұл балалар шетіней берген соң мен туылғанда жеті кемпірдің астынан өткізіп, Нұраш атамыз етегіне салып алып қашып, паравоздың астынан өткізіп, кіндігімді балтамен кесіп, әйтеуір өздерінің білген ырымдарын жасапты. Кіндігімді балтамен кескен Жаппар көкем атымды Балтабай деп қойғысы келіпті. Оған әкем ошақ басынан кетпесін деген ырыммен Ошақбай деп атапты. 

Бала кезімде құлақта сырға, төбеде айдар шаш болатын. 5-сыныпқа өткенде ұзын айдар шашымнан ұялып, тақиямның астына жасырып қоятынмын. Бір күні сынып жетекшіміз «ескінің сарқыншағы» деп сырғамды алып, төбедегі шашымды қырқып, қолыма берді. Бұл жағдай мен үшін күтпеген, тосын жағдай болды. Сабаққа да қарамай сырғам мен шашымды алып, үйге қарай зымырадым. Шешем жұмыста екен. Тояш әжем «молдаға алдыратын едік, мұнысы несі» деп жанары жасаурап жүр. Шешем жұмыстан кеш келгеніне қарамастан, ауылдағы кемпір-шалдарды жинап, болған жайтты айтты. Ертеңіне мұғалімді шақырып, үлкендер жағы ортаға алды. Бұл жиынға ауылдың қадірлі ақсақалы Асқар қожаны да шақырып, құран оқытып, шаштың орнын ұстарамен алдырды. Жиын соңында Асқар қожаға сый-сияпат жасалып, мұғалімім Әпсейіт ағайға костюм кигізіп, әйтеуір көңілді тарқасты. 

Қазақстанның халық әртістері Сәбит Оразбаев пен Ақсақал Қалмырзаев та оқыған мектепті бітіріп, бір жылдан кейін нағашым Жолдасбекпен ақылдаса келіп, Алматыға аттанатын болдық. Алматыға атақты нағашым Құрманбек Жандарбековты іздеп шықтық. Аяқта керзі етік, қолда тағамға толы қапшық. Нағашым театр директоры болатын. Ол анасы Пәтидің, яғни інісі Жорабектің үйіне жайғастырды. «Осында бола беріңдер, хабар өзімнен болады» деді. Бұл қыркүйектің орта тұсы болатын. Бір аптаның ары-берісінде бізді кабинетіне алып келді. Телефонмен сөйлесті. Әйтеуір Факе деп әлдекіммен сөйлесіп жатқаны есімде. Содан кейін «осы кісіге барасыңдар, оқуға қабылдайды» деп қолымызға тілдей қағазды ұстатты. Бардық, жолықтық, оқуға түстік. Бұл Ауыл шаруашылығы институты екен. Әлгі Факесі ректор болып шықты. Оқудың басталғанына 15 күн болып қалған. Студенттердің бәрі бізге біртүрлі қарайды. Онысы түсінікті. Біз емтихан тапсырмадық, оның үстіне 15 күн кешігіп келіп тұрмыз. 

Ауылдан ұзап шыға қоймаған бізге бірден үлкен қалаға үйрену оңай болмады. Көңіл шіркін ауылды аңсайды да тұрады. Темір жол вокзалын торуылдау әдетке айналды. Ақыры бір күні шыдамай ауылға тартып кеттік. Қайтып келмедік. Уақыт-зымыран, ілезде бір жыл өте шықты. Алматыға қайта баруға бет жоқ. Құрекең үшін біз қашқынбыз. Осылай жүргенде ауылға Құрекең бастаған бір топ әртіс келіпті. Көршілес совхоздағы Жақыпбек деген кісінің үйіне түсіпті. Барып сәлемдестік. Құрекең ренішін айтты. Бірақ өз қолын өзі қалай кессін. Інісі Жолдасбек нағашым екеуі ұзақ сөйлесті. Қысқасы, осы кездесуден кейін Алматыға қайта жол тарттым. 1957 жылы алғаш ашылған студияға түсіп, оны бітірген соң 3 жылға жуық М.Әуезов атындағы театрда жұмыс істедім. 1962 жылдың қараша айынан бастап 52  жыл үзіліссіз Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы драма театрда өнер көрсетіп, екі жүзден аса ролдерді сомдадым. 

Көршілер маза бермесе не істеу керек?
Аға-жеңгем қалада тұрғысы келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу