Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бала кезімнен біздің үйден қонақ үзілмейтін. Туған-туыс, ағайын, жекжаттың барлығы «қара шаңырақ» деп біздің үйге ат басын бұрмай кетпейтін. Ата-әжем «қара шаңырақ әулетте абыройы бар, бақ-береке қонған, ата-баба түтінін жалғастырушы мекен» деп айтып отыратын. Немерелерін арқасынан тастамай өсірген атам мен апам бір жылдың ішінде өмірден өтті. Әке-шешеме қиын болсада ауылдағы қара шаңырақтың отын өшірмей, қадірін түсірмей келеді. Үлкен ағам Серікқали осыдан төрт жыл бұрын отау құрған. Жұмысы қалада болғандықтан, жеңгем екеуі шаһардан үй алып, қазір бір баласымен сонда тұрады. Жақында кіші ағам Бекқали да ақ құсын қолына қондырып, анам келінді болды. Жеңгем Айсұлу өте сүйкімді, сыпайы жан. Құтты келіннің табалдырығымыздан аттағанына бәрінен бұрын әкем мен анам қатты қуанды. Бірақ соңғы кездері ағам мен жеңгемнің арасынан қандай қара мысықтың өткенін қайдам, жиі ұрысатын болып жүр. Бар гәп жеңгемнің ауылда емес қалада тұрғысы келетіндігінде. Өзі бухгалтер мамандығын бітірген. Анам ұлы мен келінінің ұрысып жүргенін сезіп, олармен ашық сөйлескенде жеңгем ауылда оған лайықты жұмыстың жоқтығын, қалаға барып жұмыс істегісі келетінін жасырмады. Ағам да бұл шешімнен кет әрі емес екен. Өйткені ол да нәпақасын айлап жүріп қаладан тауып келеді. Екі жақтың да көңілін қалдырмас үшін ол қалаға көшейік дегенді айтты. Әке-шешем бұл шешімге түбегейлі қарсы болды. Әрине, ата-бабамыздың салты бойынша қара шаңыраққа кенже ұл немесе әйтеуір бір бала иелік етіп қалуы керек қой. Ал қартайған шақтарында қара шаңырақты тастап кетуге олардың ары жібермейді. Бір жағынан бұл үй ата-әжемнің әкеме қалдырған аманаты емес пе?
Екі ағамнан басқа бауырларым жоқ. Осы жағдайдан кейін ата-анамды қатты уайымдап жүрмін. Қыз бала болған соң ерте ме кеш пе менде тұрмысқа шығып, басқа үйдің түтінін түтетінім өмірлік заңдылық. Қолда қалған ағам қалаға қоныс аударса жастары елуді еңсеріп қалған әке-шешеме кім қамқор болады? Жеңгеме кейде ыза боламын. Бәлкім аяғы ауырлап, сәби сүйгенде бұл ойынан арылар деп үміттеніп жүрмін.
Өз басым қара шаңыраққа келін болып түсуді армандаймын. Тек мені мазалайтыны қазіргі жастардың қара шаңырақтың қадірін түсінбей жүргендігі.
Ақмарал Ақылбаева,
Жамбыл облысы