Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Гүлназ ашуланып өз бөлмесіне жұлқына кірді. Есігін тарс еткізіп жауып, төсегіне етбетінен жата кетті. Қыз ашулы. Анасы бүгінгі болатын «кешке» (вечеринкаға) жібермеген болатын.Шіркін ай, барғысы келіп-ақ тұр. Құрбыларының көбісі сонда.«Қазір бәрі билеп жатқан болар! Жоқ, не болса да барамын!» деп орнынан атып тұрды. Бір киер әдемі көйлегін сөмкесіне салып алып, терезеден қашып шықты.
Міне, отырысқа да келіп жетті. Жастардың бәрі осында. Темекі, ішімдік деген дастарханда толып тұр. Үйдің іші көк түтін. Қыздар да ауыздарынан қою түтін будақтатып еш қысылар емес.«Менің бұлардан қай жерім кем!?» деп анасының жібермегені есіне түсті.
Түтінді бөлмеге кіріп, көкірегі ашық, жалаңаш иығын шаштары жасырғандай төгіліп тұр. Ұзын ақ түсті көйлек киіп алған Гүлнәз, қап-қара биік өкше аяқ киімін тоқылдатып кіріп келгенде бәрінің назары осы қызға бұрылды. Түтіннің арасынан шыққан әнші қыздай өте сұлу еді. Денесінен шам жанып тұрғандай жарық түсіп тұр. Көрікті қыз жігіттердің көзіне бірден түсті. Жайғасып отырған соң ерке қыз тек өзіне ұнаған жігітпен ғана танысты. Жігіт те ішімдікке тойып алған екен. Қыз оны білсе де жігітті осындай күйінде сымбатты көрді. Тіпті жігіттің ұсынған ащы суын да қағып салды. Біраз уақыттан соң жігіт:
—Басқа отырысқа барайық! Достарымның бәрі сонда! Қызықтың көкесін сонда көресің!--деп құлағына сыбырлады. Қыз да көп ойланбастан келісе кетті.
Көлік тізгіні ішімдікке сылқия тойған жігітте болатын. Адам шошырлық жылдамдықпен ызғытып келеді.«Қайда? Неге бара жатырмын!?» деген қорқыныш пайда бола бастады. Қорқыныш та көп ұзамай шындыққа айналды. Көлік қарсы бетке шығып кетіп, бетпе- бет келген көліктің жарығына қыздың көзі шағылысып,«Апааааа!!!» деп айқайлап үлгерді....
Гүлнәз көзін ашқанда ауруханада болатын. Денесінің бәрі қақсап ауырып барады. Жігіт жайында сұрады. Медбике оның жан тапсырғанын айтты. Сұрастыра келе қарсы көліктегі адамдар да жан-тәсілім еткенін естіді. Солқылдап жылады. Жылаған сайын ішінен біреу кескілеп жатқандай ауырды. Жаны қиналды. Өзінің де санаулы ғана уақыты қалғанын сезді. Медбикенің қолынан қыса ұстап:
—Анам мен әкеме айтыңызшы, мені кешірсінші! Мен оларға жақсы қыз бола алмадым! Бәріне өзім кінәлімін! Неге тыңдамай қашып кеттім сол терезеден!? Кешірегөрші анашым!--деді жалынышпен. Медбике үнсіз ғана қыздың маңдайын сипап, қолын қысты.Сол сәтте....Жас ғұмыр қыз үзіліп кете барды...Мәңгілікке...Оралмасқа кетті...
Қыздың соңғы сөзін кейінірек дәрігерлер де естіген болатын. Бас дәрігер медбикенің қасына келіп:
—Неге ата- анасына деген аманатына жауап қатпадың!?--дегенде:
—Білмеймін! Не айтарымды білмедім! Қарсы көлікте қызды іздеп шыққан оның ата-анасы екенін қалай айтайын!?--деген медбикенің бетін тоқтаусыз көз жасы жуып жатты.