Сырым Исабаев: « Оңтүстіктің атын отандық киномен шығарсам деймін »
Оңтүстіктен шыққан эстрада жұлдыздарының бірі, танымал әнші Сырым Исабаевтың шығармашылығы бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Оның орындауындағы әндер тыңдарманның жүрегіне жол тартып, үлкен сұранысқа ие. Соңғы кездері Сырым Исабаев кино өнерімен де шұғылдана бастады. Мұның бір себебі ретінде Оңтүстіктің атын кино арқылы шығарып, насихаттағысы келетінін жасырмаған әнші фильм жасаудың қыр-сыры, қиындықтарымен бөлісті. Кинотуындының түсірілуіне Оңтүстіктің тағы бір белгілі әртісі Берік Тұрсынбеков те атсалысыпты.
- Актер ретінде түскен алғашқы туындыңыз –«Алып қашу операциясы» атты фильм қазір кинотеатрлардан көрсетілуде. Киноға түскенді бұрыннан армандаған шығарсыз?
- Өзім қазақ сахнасының тұнық бастауы болған тұлғаларды танып, экраннан киносын көріп өскен балалардың бірімін. Бұл салаға бала кезден аңсарым аумаса да, кейін келе киносүйер қауымға көптен бері көкейімде жүрген туындыны ұсынғым келетін. Саф өнердің саңлақтарынан арнайы барып, білім алмасақ та, киноға деген қызығушылықтың әр кадрды түсіріп жатып ояна бастағандығын байқадым. Сондықтан жүрекжарды алғашқы туындымды қабыл алған көрерменге алғысым шексіз.
- Фильм комедиялық жанрда түсірілген екен. Бүгінгі күні онсыз да әзіл-сықақ театрлары осындай тақырыппен қойылымдарын ел назарына көптеп ұсынуда. Комедия жанрына таңдауыңыз қалай түсті?
- Өзім өмірдің әрбір сәтінен қуаныш іздеуге тырысамын. Өйткені өмірге деген сүйіспеншілік таусылған сәтте оның сүреңсіз тұсы еңсеңді езеді. Сол себепті еңсеңді түсіретін фильмнен жаныңа қуаныш сыйлайтын, комедия ұтымдырақ емес пе? Адам күнделікті қарбалас жұмыстан шаршайды. Шаршаған ағзаны тынықтыру үшін комедияның алатын орны ерекше деп ойлаймын. Кино тек комедияға құрылса, жеңіл-желпі дүние болар еді. Ал драманы қосса көрерменге тартымды болуы мүмкін. Себебі, күлдіріп тұрып жылату, жылатып тұрып күлдіру өте күрделі іс. Дегенмен кино кейіпкерлері Берік Тұрсынбеков, Тұрсынбек Қабатов, Қарагөз Тілеубекова комедия жанрын жақсы ойнап шықты деп ойлаймын. Олар киноның жақсы түсірілуіне айтарлықтай үлес қосты. Ал өзім жас актриса Таңсұлумен басты рөлде ойнадым. Отандық өнерде өзіндік қолтаңбамызды қалыптастырмасақ та, тәуекелге бел будық. Киноның сюжеті бойынша қыз бен жігіттің махаббатын бейнеледік. Қазіргі кезде кейбір ата-аналар балаларына байлықтан бақыт тұрғызғысы келіп, жастардың қарсылығына қарамастан құда болғысы келеді. Соның салдарынан бірін-бірі білместен үйленіп, артынан ажырасып жатқандар көп. Оның үстіне, қоғамда алып қашудың жыры көп. Осы секілді қызықты тұстарды киноға арқау еттік.
- Фильм түсірудегі басты мақсатыңыз не?
- Бұл фильмді осыдан екі жыл бұрын түсіре бастаған болатынбыз. Басты мақсатым әншілік қырымнан бөлек, актерлік, продюсерлік жағынан бағымды байқап, өзімді сынап көргім келді. Қазір еліміздің киноиндустриясы дамып жатыр. Әсіресе Оңтүстікте. Дегенмен кино түсірудің де жеңіл жұмыс еместігіне көзім жетті. Қызығынан бұрын қиындығы басым екен.
-Фильмге неліктен Қаракөз, Берік, Тұрсынбек таңдап алынды? Киноға арнайы кастинг өткіздіңіз бе?
- Сценарий жазылып біткеннен кейін, Берік Тұрсынбековпен ақылдастым. Ол кісі әйелдің рөлін сахнада ойнап келді ғой. Тағы сол рөлде шығатын болсам, елді қызықтыра алмасым анық деді. Ал өзгелерін Киноға өзіміз тарттық. Өз рөлдерін ойдағыдай ойнап шығады деп сенім артқан азаматтарды арнайы шақырдық. Ал Таңсұлу Мұзаппарова кастингтен өтіп, басты рөлге бекітілген болатын.
- Фильмнің басты кейіпкерлері киносүйер көрерменге танылып қалған азаматтар. Әрқайсысының қауырт шаруа, қарбалас жұмысы бар. Олардың барлығының бір мезетте басын қосып, түсіру алаңынан табу қиынға соқпады ма?
-Расында, бірі гастролдік сапармен Батыста жүрсе, бірі өз шаруаларымен Оңтүстікте болады. Сондықтан жұдырық болып жұмылып, уақытты текке өткізбес үшін барлығымен де арнайы келісім-шартқа отырдық. Келісім-шарт негізінде олардың гонорары келісілген түрде төленеді. Әр адам еткен еңбегіне сай қаржысын алуы керек.
- Алғашқы фильм болған соң, қобалжу болған шығар... Кадрда өз бейнеңізді көрерменге жеткізе алмаған сияқтысыз.
- Сырт көз сыншыл ғой. Тұңғыш еңбегіміз болған соң, бойдағы ерік- жігерімізді жұмсадық. Ал тәжірибие уақыт өте келе жиналады. Шыңдалу үшін ізденіп, іздену үшін шаршамау керектігін түйсіндім. Осы бағытта белсенділік танытуыма тура келіп отыр. Сондықтан алғашқы фильм болған соң, қобалжыған шығармын. Мүмкін алдағы уақытта тағы да киноға түсіп жатсам, көптік сүйіспеншілігне бөлену үшін барамды салуға тырысамын.
-Қызды алып қашуға келгенде жастардың пікірі екіге бөлінеді. Мұны кейбіреулер ерсі әрекетке баласа, енді біреу құп көреді. Сіз не дейсіз?
-Біз орыстарда ондай емес, шетелдіктерде мұндай емес дейміз. Ал өзіміз неге әдет-ғұрыпымызды қадірлемейміз?! Керісінше шетелдіктерге еліктейміз. Мәселен, фильм желісіне неге алып қашу операциясын бейнеледік? Өткен сексенінші жылдарды еске түсірейікші, сол жылдары алып қашу үрдісі сәнге айналған болатын. Күні бүгінге дейін талай отбасының түтінін түзу ұшырып отырған жеңгелерімізді ағаларымыз алып қашып келген. Дәстүрдің озығы бар демекші, қазір «алып қашып әкеліпті» десе қала жастары оған үрке қарайтын болған. Ал ауылдағы талай әулетке келін болып түсіп жатқан жеңгелеріміз көп емес пе? Екі жастың арасында келісім болған соң, артық шығынданғысы келмейтін шығар. Міне, кинода біз кешегі мен бүгінгі күннің бейнесін көрсетуге ұмтылдық. Онда қыздың еркінен тыс алып қашу жоқ. Бірақ, алып қашуға себеп бар. Сол кездегі жастардың бейнесін бүгінгі жастарға ұсындық. Ең бастысы, жастардың ойын былғайтын, елдің ауызбіршілігін бүлдіретін, қазақтың рухын түсіретін дүниелерді дабыра еткен жоқпыз.
- Кино желісіндегідей «алып қашу операцияларына» шынайы өмірде қатысып көргенсіз бе?
-Өзім алып қашудың куәгері болған емеспін. Бірақ бірін-бірі сүйетін жастарға үлкендер қарсы болып жатса, неге алып қашуға болмайды екен ? Ол біздің ертеден келе жатқан әдет-ғұрпымыз емес пе? Күні бүгінге дейін қаншама қыз-жігіттердің арасында болдым. Байқағаным, махаббаты берік жандардың жолы ешқашан екіге бөлінбейді. Тіпті келіспеушілік болған күнде де бір-біріне деген сыйластығы суымайды, сезімі сөнбейді екен.
-Фильм өзіне кеткен шығынын ақтай алды ма?
- Бұл сауалға жауап беру әлі ертерек сияқты. Дегенмен еңбегіміз өтеліп, шығынымыз жабылатына көзім жетіп отыр. Өзімнің мамандығым - есепші. Мұның маған пайдасы да тиіп жатыр. Мысалы, мына киноның есеп-қисап жұмысының бәрі менің мойнымда болды. Оқығаным қандай жақсы болған деп жүрмін. Біраз қаражатты үнемдедім.
-Өз киноныңызға қандай баға берер едіңіз? Көңіліңіз толмаған тұстары бар ма?
- Біреу өз затын мақтап, болмаса, кемшілігін ашып айта алмайды. Бірақ алғашқы жұмысыма төмен баға бере алмаймын.
- Тағы да фильм түсіру жоспарыңызда бар ма ?
-Кино түсіру жөнінде Берік ағаммен өз жоспарымыз бар. Ел ішіне экшн жанрындағы боевик немесе фантастика желісінде кино түсіріп, бедел жинау қиын. Өйткені оның бәрін шетелдіктер жүзеге асырып, алдымызды орап кетті. Енді елге қажет,қазақ қауымы оның ішінде жастары қабылдай алатын драманы, комедияны дамытуға атсалыссам деймін.
- Әңгімеңізге рахмет!