Асанбай Асқаров туралы естеліктер

Oinet.kz 25-09-2011 2373

Screenshot_1.jpg

Белгілі қоғам қайраткері Социалистік еңбек Ері Асанбай Асқаровтың әдебиет әлемінде өзіндік із қалдырған тұлға екені жұртқа белгілі. Оның жырлары, бастан кешкен естеліктері, ой толғамдары туралы бес кітабы баспадан шықты. Олардың ішінде “Тағдыр”, “Жұмақ пен тозақ жырлары”, “Көзқарас” секілді еңбектері елге кеңінен танымал. Ғұмырының соңғы жылдары ол “Ұлы Тұранның ұлдары” атты қомақты еңбегін жазды.

Біреу білер, біреу білмес сан қырлы Асекеңнің қолынан сурет салатын да өнері бар екен. Асанбай Асқаровтың қапаста отырып салған жоғарыдан құлап келе жатқан қыран құстың суреті бүгінде Алматы облыстық мұрағатында сақтаулы тұр. Оның астына ол былай деп жазыпты:

 “Ақиық аспандағы – құс төресі,

Қапаста топшысынан жерге түсті.

Тағдырдың жазғанына айла бар ма?

Күші жоқ енді мұның қорғануға”. 

Ақиық азаматтың қапаста қаншама азап шексе де өзінің азаматтық болмысын сақтап қалғаны, қайта қайратта, жігерлене түскені таңқаларлық. Оған күш берген халықтың ыстық ықыласы еді. Осындай елдің сүйіспеншілігіне бөленген Асанбай Асқаровтың бүгін туған күні. Қайталанбас дара тұлға көзі тірі болғанда 89 жасқа толар еді.

 1985 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан зейнеткерлікке шығып, 1987 жылы Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырды деген жалған айыппен тұтқындалған Асқаров бұдан кейін Алматы, Мәскеу, бішкек түрмелерінде төрт жарым жыл қамауда отырды. Бүгін сол бір қиын шақтағы Асекеңнің және онымен «тар жол тайғақ кешуде» бірге болған, қолтығынан демеген жары Фатиманың, жора-жолдастарының хаттарын, естеліктерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

“...Мен А. Асқаровты ұстап әкеткен соң, ес-тұсты білмей ауырып қалдым. Ес-түс жоқ болып жатқанда, үйдің ішіндегі заттарды түк қоймай, шыраққа дейін кесіп алып кетті. Қараңғы үйде қалдық. Балалар біраз күн майшаммен отырды... Гаврилов (тергеуші) айтады: 160 мың сом берсең А. Асқаров ертең-ақ үйде болады. Ол қамауда отырып жылап отыр. Сені бала-шағаңмен қосып қамаймыз. Күйеуіңнің өлген жерін де таппайсың, ойлан деп қорқытады. Біз не айтсақ, соны орындайсың, сені кәрі екен деп ойламаймыз, қамауға аламыз. Өзбекстанды білесің ғой, түгел семьясымен қамап жатырмыз. Сені де сондай тірлік күтіп тұр...” (Асекеңнің жары Фатима Ғалиқызының жазбаларынан) 

«“...Мәскеудің изоляторында да тергеуден тергеу, қорқыту мен үркіту жалғасты. Маған әр түрлі тергеушілер келіп, әрқайсысы мені бірдеңелер айтып қорқытып, үркітуді өздерінің міндеттері деп санады... Бірде маңызды істер жөніндегі тергеуші В. И. Калиниченко маған былай деді: ”Сізден барлығы бас тартты. Сіз бізге жеуге берілген бір түйір етсіз. Біз қалай қаласақ, солай болады. Сіз әлі өкінетін боласыз”. Мен өмірімде бұндай тіл тигізуді ешқашан естіген емеспін... Менің қасыма камераға 23 жылға сотталған бір баскесерді орналастырды. Ол мені ұрып, қорқытып қорлай бастады... Көзіңді ойып аламын, сенен тірілей котлет жасаймын деді...”(А.Асқаровтың естелігінен) 

“Алтыным, жаным Фатима! Денсаулық жақсы ма? Балалардың, немерелердің бетінен сүйіп қой, Дәлел бұзықты екі рет сүй. Құдай соны көрсетіп, бетінен сүйгізіп, иіскетер күн туса болар еді... Балаларға сәлем айт. Әкесі таза, ақ. Мен үшін ұялмасын. Если весь казахский народ стоит за меня, это что-то значит. Сүйемін, өзіңді сақта. Бізге тірі кездесу керек. Ол үшін ақыл, сана, шыдам керек. Оның бәрі менде бар. Еш нәрсе уайымдама... Айтқаныңның бәрін түсіндім. Жігіттерге үлкен рахмет. Жұмысты сол бетінше жүргізе беріңдер. Жылқыбайға, Арыстанға үлкен жүректен сәлем айт. Қилыбайға да сәлем. Басқа ағайынға, жолдастарға сәлем айт. Өзіңді сақта, ауырып қалма... Камераға неше түрлі адамдар келіп жатады. Көбінше сурет салып, өлең жазып, газет оқып көп сөздеріне құлақ салмаймын” (Асқаровтың жары Фатимаға жазған хаты).

« Амансыздар ма, менің қымбаттыларым! Бұл істің қашанға дейін созылатынынан бейхабармын. Денсаулығым мәз емес. Бірақ бәріне шыдап, өмір үшін күресемін. Менің арым бәрінің алдында таза. Мен ешқашанда ешкімнен пара алған жоқпын. Мамаларыңа қарайлаңдар, күтіңдер. Сендерді құшақтап, сүюші папаларың”.(Асқаровтың балаларына жазған хаты)

“Ардақты аға Асеке! Жаратушы Құдырет үстінен жалақор арыз түскен Иов деген пайғамбарды сынамаққа неше түрлі азапқа салған. Ақыры ақ екеніне көзі жетіп, бақытты ұзақ өмір сүрген. Құдырет Сізге шарболаттай төзім, қайсар қажырлық бергей деп тілейміз. Ақиқатқа көз жеткізу қиын әрі ұзақ болса да шыдамыңыз таусылмаса екен, баяғы батыр бабалардың рухы қолдап, әділеттік жеңгенше мойымасаңыз екен деген үміттеміз. Достарыңыз тілеулес. Дұшпандарыңыз Сізді қажып-қалжырап, пенде болғаныңызды қалайды. Ендеше досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін де шыдап бағыңыз. “Қызыл Жебенің” соңғы кітабының алғашқы тарауларын беріп жібердім. Қолыңызға тисе, бәлкім, аз да болса қуат берер деп едім. Сізге Құдыреттен жігер тілеуші – Шерхан Мұртаза” 

“Қымбатты Асанбай аға! Денсаулығыңыз қалай? Халқыңыз бәрін біліп отыр, тек жекелеген адамдар болмаса. Бірақ түбі бәрі орнына келеді, мен бұған сенемін. Әйелдерді ұйымдастырып хат жазып, барам ба деп отырмын. Аға, тек өзіңіз берік болып, саулығыңызды күтіңіз. Уаым ететіндей Сіздің қылмысыңыз жоқ қой. Сондықтан да ыңылдап ән салып, Әділеттің жеңетініне берік сеніп жүріңіз. Біз Сізбен біргеміз. Аман қауысалық, аға! Бетіңізден сүйдім. Сәлем жолдаушы қарындасыңыз – Фариза (Оңғарсынова)”.

“Бір күні күтпеген жай болды  сот залына жас шамасы сексеннен асқан, таяққа сүйенген ақсақал кемпірін жетелеп кірді де, айыпталушылар отырған жаққа беттеді. Қос қапталда тұрған солдаттар бөгемек болып қоғала бергенде, шал бір қолын созып: “сынок, не стреляй”,-деп отырғандарға жақындап барды да: “Шырақтарым, Асанбай Асқаров қайсысың?”, - деп көздерін сығырайтып жағалай қарады. Асекең орнынан тұрып: “Асқаров менмін, ақсақал. Ел-жұртыңыз аман-есен бе? ”, - деп қолын ұсынды. Қария сәлемін алып: “Шырағым, мына жаман кемпірім екеуміз Қордай ауданындағы Сұлутөрден өзіңді іздеп келдік. Елдегі жақсы істеріңе бұрыннан құлағым қанық. Өзіңді бір көрсем деп жүруші едім. Құдайдың жүздестіргеніне мың да бір шүкір. Жаны ізгілер түрмеде жатпауы керек. Қолыңды жай, қарағым! Батамды берейін!”, - деп тілегін айтты. Залда отырғандардың бәрі қолдарын жайып, беттерін сипап, “әумин” десті. Қария кемпіріне бұрыла қарап: “Әй, кемпір, сөлпимей әкелген құрт-майыңды берсеңші”, - деді. Кемпір қолындағы орамал түйіншегін Асқаровқа бермекші болып, қалбалақтап тұрғанда, оны солдаттар алып бір шетке қойды. Шал қоштасып, “Алла тілеулеріңді берсін, шырақтарым! Енді біз жарық барда елге жетіп алайық”, - деп аяңдап есіктен шығып кетті. Асқаров қарақан басын ойлаған басшы болса, еліне еңбегі сіңбесе, халқының қамын ойламаса, қыстың көзі қырауда таяққа сүйенген қарттар ит арқасы қияннан іздеп келер ме еді?” , (Асанбай Асқаровтың қоғамдық қорғаушы Бекбосын Көбеевтің естелігінен),

 “Қарағым, аса құрметті қызым, әділ биім Нәйлә Әлімовна! Мен осы 80-нен асқан жасымда жалғыз-ақ қасиетіме ырзамын. Ұзақ өмірімде жалған сөйлеп көрген емеспін, адал достардан жанымды аяп қалған емеспін... Мен, Сіздің алдыңызда іні досым болған Асанбай Асқаровтың жаны жайсаң, халық үшін ғана туған аса парасатты кемеңгер азамат екенін растап ант етемін. Сеніңіз, қызым, менің аталық антыма!..  Аса білімдар, гуманист, барынша ақын жанды, ғалым, адамшылық арын биік ұстайтын Асқаровты парақор қатарына қосу – шегінен асқан ұятсыздық. Мен, қызым, әділ сотым, сізден ерлік-әділдік күтіп алдыңызда аппақ шашты басымды иемін” 

 (Қазақстанның халық ақыны Әбділдә Тәжібаевтың Асқаровтың ісін қараған судья Н.Ибрагимоваға жазған хаты)

“Мен сондай қорлықты көрсем де, сол жерде жатып, елімнен ешбір күдерімді үзгенім жоқ. Мен халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын. Мен халқымның арасындағы бір қауызымын. Халқым парықтайды. Түрмеден мені шығарып алған да осы халқым деп ойлаймын” (Асқаровтың естелігінен)

Screenshot_2.jpg

Сырым Исабаев: « Оңтүстіктің атын отандық киномен шығарсам деймін »
Байдулла Қонысбек - Оңтүстік журналистикасының атасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу