Сүлеймен пайғамбардан қалған дәстүр
Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар.
Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі. Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Ұлық Алла оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште уахи әкеледі.
– Әй, Дәуіт! Ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол: ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар : Ғұмыр жасың ұзақ болсын! – Құдайдың сүйікті құлы бол! – Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін! – Әділ патша бол! – Екі дүниенің сырын біл! – Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол! – Ғалым бол! – деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді. Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға: – Уа, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла: – Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша қыламын, – деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі.
Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал», – деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалған екен.