Керек кеңестер

Oinet.kz 13-11-2019 954

1. Өз өміріңді бір ғана мақсаттың құрбаны етудің мәнісі жоқ, әсіресе бұл ниетсіздіктен таңдалған мақсат болса.

2. Көп нәрсені түсіндіре берме. Әр түсініктеменің астарында ақталу бар. Әр нәрсені түсіндірген сайын өзіңнің бұл істі игере алмайтын кемшілігіңді анық көрсетесің, өзгеден сол осалдығыңды көрмегендей жылы-жауып қоя салсын деген мейірім күткендей боласың.

3. Өмірден бар қалауын алу үшін адам өзгеріп отыруы керек. Өкінішке қарай, адамның өзгеруі зор күшті талап етеді. Ұзақ уақытқа созылады. Көп адам жылдар бойы өзгереді. Ең қиыны өзгеруді шын қалайтын ниеттің болуы.

4. Мен ешқашан ешкімге ашуланбаймын. Бірде бір адам мен ашуланарлық амал-әрекет жасай алмайды. Адамдарға олардың әрекеті маңызды болғанда ғана ренжисің. Мен көптен бері мұндай күйді бастан кешпедім.

5. Таңдаған жол – жол ғана, осыны ұмытпа. Осы жолмен жүрмеуім керек еді деген титтей бір күмән тіріліп, күдік бой көтерсе, бұл жолда қайтсең де қалма.

керек кеңестер.jpg

6. Өзгенің өмір шындығын түсіну үшін өз өмір шындығыңды кері ысыруға, ұмыта тұруға тура келеді. Бірақ адамның көріп үйреніп қалған шындығынан арылуы оңай емес. Бұл әдетті күштеп жоқ қылады.

7. Түс көргендей өмір сүр. Батыл бол! Ақталма!

8. Көп адамның кедергісі – іштегі кереғарлық – бәрінің кілті сол. Адам сол кереғарлықты тоқтатса, бәрі мүмкін болады. Қол жетпес арманның өзі алдынан күліп шығады.

9. Адамдар кез келген сәтте өз өмірінен қалаған затты лақтырып тастай алатындығына есеп бермейді. Кез келген уақытта. Лезде.

10. Ең көреген кеңесші ол – ажал. Жаныңды шүберекке түйіп, құздың басынан құлайтындай күй кешкен сайын солға бұрыл да ажалыңнан сұра – осы дұрыс па деп? Сонда ажалың сенің қателескеніңді айтады. Ажалдың демінен басқа ештеңе де маңызды емес екенін түсінесің. Сонда ажалың: «мен әлі деміммен жаныңды түршіктірмедім ғой» дер.

11. Сен қазір мені өз өміріңнің шындығынан арыла алмағандықтан еш түсінбейсің.

12. Егер алғаның көңіліңнен шықпаса, бергеніңді өзгерт.

13. Әркімнің өз жолы бар. Егер шын ниетіңмен кетіп бара жатсаң, онда бұл сенің жолың. Егер жаның қиналса, онда қандай тұйыққа тірелсеңде кез келген тұстан бұрылып кете аласың. Ең дұрыс шешім сол болады.

14. Ішіміздегі есерлікті жеңуге барлық уақыт пен қуатымызды жұмсаймыз.

15. Барлық сыйқыр нені мақсат еткеніңде. Әр адам өзін не бақытты, не бақытсыз етеді. Біріншісін де, екіншісін де жасауға ауқымды жұмыс талап етіледі. Бір қызығы екеуіне де бірдей күш жұмсалады.

16. Білім қуу үшін жауынгер болу керек. Жылаңқы балаға білім теңізінде кәмпит жоқ. Күресу керек, қыңқылдау, беріспеу қажет, қалағаныңа қол жеткізгенше тұрысу шарт. Соның бәрі әлемде мағынасы бар ештеңе жоғын білу үшін ғана жасалады.

17. Қазір жасап жатқан ісің жер бетіндегі ең соңғы қадамың болуы әбден ықтимал. Әлемде сен тағы да бір минут өмір сүре аласың дей алатындай кепіл күш жоқ.

Карлос Кастанеда

Аударған Шынар Әбілдә

Сен мәңгілік емессің
Жақсылық жасаған адам алғыс айтсын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу