Ешқашан ақталуға тиісті емес, есеп бермейтін ұғымдар

Oinet.kz 12-11-2019 1201

өмірлік жағдай.jpeg

Адам қабылдаған шешіміне айналасындағыларға үнемі ақталып, бірдеңе дәлелдеп отырады. Отбасы, достарымыз, кейде тіпті бейтаныстар да мұның не деп қалуға тырысады, анаумен сөйлеспе, мынаумен араласпа дейтұғын адам қаншама?

Кейде сондай тоқтау салғыштар шектен шығады. Өміріңе жауап бер деп талап етеді. Танымал психолог әрі блоггер Дэвид Уилльям төмендегі 15 дүние бойынша ешкімге есеп беруге тиіс емессіз дейді.

1. Өмірлік жағдайыңызды ешкімге түсіндіруге тиісті емессіз

Егер азаматтық некеде тұрып жатсаңыз, немесе үнемі пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрсеңіз, жасыңыз бірталайға келсе де ата-анаңызбен тұрсаңыз — ешкімнің алдында ақталмай-ақ қойыңыз. Неге бұлай екендігін сұрауға ешкімнің қақысы жоқ. Өмірлік жағдайыңызды өзіңіз толық түсінсеңіз болғаны. Осылай тұруды шешсеңіз, онда бұған ешкім бас қатырмасын.

2. Өмірлік таңдауыңызды ешкімге түсіндіруге тиісті емессіз

Өзіңіз үшін, етене жақындарыңыз үшін ненің жақсы болмағы туралы пікіріңіз бар. Сіздің басты таңдауыңыз сол. Ешкімде анадан дана болып тумайды. Әр адам әр түрлі. Әркімнің өмірлік құндылығы бөлек, арманы мен талпынысы әрқалай. Бір адамның таңдауы екіншісінікінен айрықша. Сіздікін тек сіз білесіз. Ол үшін ақталу артық.

3. Өкінбесеңіз, кешірім сұрауға тиісті емессіз

Егер өзгенің істегенін дұрыс, яки бұрыс деп шешсеңіз, өз ойыңызға өкініш сезінбесеңіз, кешірім сұрауға тиісті емессіз. Кей адамдар жан жарасы тезірек жазылсын деп кешірім сұрауға пейілді болады. Ол жан жарасы кешірімге әлі дайын емес. Керісінше, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Өзіңізді кінәлі сезінбесеңіз, кешірім сұрамай-ақ қойыңыз.

4. Оқшауланғыңыз келгені үшін ешкімнен кешірім сұрауға тиісті емессіз

Көп адам «дөрекі», «елді сыйламайтын», «тәкәппар» деген теңеуден үркіп, барғысы келмеген тойға барып, қаламаған нәрсесін жасап, өзіне уақыт арнауды, кітап оқуды, жай тыныштықта демалуды ұят санайды. Ал, шын мәнінде адамның уақытша тайм-аут алуы өте жақсы тәжірибе. Ара-тұра әр адамға керек. Мүмкіндікті пайдаланып қалыңыз. Ешкімге тіс жарып ақталмаңыз. Ол сіздің уақыт!

5. Өзгенің жеке пікірімен келісуіңіз шарт емес

Өз ойын беріле айтқан, сес көрсеткен адамға сеніп, онікіне бас шұлғып, өз пікіріңізден бас тарта салмаңыз. Келіспесеңіз, өзіңіз үшін де, олар үшінде бас изеуіңіз әділетсіздік. Ішіңізден келіспеушілік пен немқұрайлылықты жиғанша, өз ойыңызды ашық айтыңыз.

6. «Иә» деу міндет емес

Келісуге нақты уәж болмаса, «иә» деуіңіз міндет емес. Өзі таңдамаған нәрсенің бәріне «жоқ» дей алған жандар өмірде көп жетістікке жетіп жатады. Өзгенің мейірімін таныңыз. Алғыс айта біліңіз! Бірақ өзіңіздің өмірлік мақсатыңыздан ауытқытатын нәрсенің бәріне «жоқ» деңіз.

7. Түр-әлпетіңіз үшін ақталмаңыз

Адам кейде толық, кейде сымбатты болады. Біреу ұзын, біреудің бойы қысқа дегендей. Неге сіз мұндай екеніңізді ешкімге айтып, ақталмаңыз. Сіздің түр-әлпетіңіз — тек қана сіздің шаруаңыз. Ол мәселеде сіз тек өзіңізге қарыздарсыз. Сыртқы әлпетіңіз өз меніңізді бағалайтын анықтауыш болмайтынын түсініңіз.

8. Қандай тамақты жақсы көретініңізді ешкімге айтып ақталмаңыз

Әр адам әр түрлі тамақ жақсы көреді. Дәмінен сыртқы безендірілуіне дейін өзгешеленетіндері бар. Неге ананы, мынаны жемейсің деп мазаласа, мән бермеңіз, өз қалауыңызбен тамақтанғанды жөн көретініңізді айтсаңыз да жеткілікті.

9. Төсек қатынасыңыз туралы да есеп бермеңіз

Егер өзара келісіммен бірге тұрып жатқан адамыңыз болса, онда екеуара сезімге өзгенің араласуы артық. Қарым-қатынасты заңдастыру, басқа жандармен кездесу – бұл сіздің еркіңіз. Қалауыңыз көңіліңізден шыққанша солай бола бермек. Құдайдың алдында ғана есеп бересіз. Соны ұмытпасаңыз болды.

10. Жұмыс таңдау мен жеке өмірді таңдауыңызды түсіндіруіңіз шарт емес

Кейде жағдай не жұмысты, не сезімді таңдайтын жолайрыққа әкеп тірейді. Оңай шешім емес. Көбіне адамдар жұмысты таңдап жатады. Отбасын жақсы көрмегендіктен емес. Бұл таңдау келешектегі өміріңізді қауіпсіз етеді деп сенгендіктен. Қалай болғанда да жұмысты неге таңдағаныңызды түсіндірмей-ақ қойыңыз. Ең бастысы жаныңыз сүйетін нәрсемен айналыссаңыз болғаны.

11. Саяси және діни таңдауыңызды түсіндіру шарт емес

Егер сіз демократ, республикашыл, католик, протестант немесе мұсылман болсаңыз — бұл сіздің таңдауыңыз. Сенімді түсіндірудің қажеті жоқ. Егер басқа біреу сіздің осы болмысыңызды қабылдай алмаса, онда бұл сіздің емес, оның бас ауруы.

12. Неге жалғызілікті екеніңізді түсіндіруіңіз шарт емес

Тұрмыстасыз ба, үйленгенсіз бе, әлде бойдақсыз ба, бұл сіздің жеке ісіңіз. Сізден басқа адам оған бас қатырмасын. Жалғыздық ауру емес. Кіммен жақындасу керектігін өзіңіз таңдайсыз. Бір нәрсені ғана ұмытпаңыз: сіз — ол сіздің отбасылық жағдайыңыз емес. Өзіңізге өзге де әлеуметтік жапсырмаларды жабыстыра бермеңіз.

13. Біреу өтінді екен деп бөтен адаммен кездесуіңіз шарт емес

Ол адам өте сүйкімді шығар, бірақ қаламасаңыз, онымен кездесуіңіз шарт емес. Бұл кездесудің сізге еш керегі жоқ екендігін сезінсеңіз, онда бармай-ақ қойыңыз. Бармауға сылтау табыңыз да, шешіміңізді өзгертпеңіз.

14. Некелесетініңізді ешкімге түсіндірмеңіз

Үйленіп, үй болып, ұрпақ өрбітуді таңдасаңыз да, жалғыз қалып, оңаша өмір сүруді таңдасаңыз да – ол сіздің шешім. Анаңыз күнде немере сүйсем деп мазаласа да. Ол сіздің таңдауыңызды сыйлауы керек.

15. Кімді сүйетініңізді өзіңіз ғана таңдайсыз

Кей адамдардың парықсыздығы сондай, анаумен қалай жүресің, қалай сүйесің деп таңданып жатады. Екеуің жараспайды екенсіңдер деп талай адам айтқан да шығар. Өзіңізден басқа ешкімді тыңдамаңыз. Өз өміріңізді сүріңіз. Біреу айтты екен деп айырылысып, не қосылуға болмайды. Қателік жасаңыз, содан сабақ алыңыз. Өмір деген сол.

Аударған Шынар Әбілдә

Қазақ әйелінің баянсыз бақыты
Регина Бретт ұсынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу