Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Жұмақтың не керегі бар? Жұмаққа түскіңіз келе ме? Бір түрлі ақымақтау сұрақ қойдым ба? Солай ма? Тексеріп көрейік. Негізінде мұны Джон Кэлхун деген ғалым этолог тексеріп қойған. 1968 жылы зерттеу жасады. Алаңдамаңыз, адамдарға емес, кемірушілерге жасалған зерттеу. Зертханада кеміргіштерге арнап жұмақ орнатылады. Көктегі жұмақ емес. Жердегі. Сондықтан да оның шегі болды. 2х2 метр болатын шаршы. Биіктігі – 1,5 метр. Кеміргіштерге қажеттінің бәрі дайындалды. Жайлы температура, су мен тамақ көп, ұя салатын материалды артығымен үйіп қойды. Кеміргіштердің денсаулығын ветеринар тексеріп отырды. Қауіпсіздігін лаборанттар бақылады. Қызметкерлер қора-қопсыны тазалап отырды. Құдды періште дерсің. Тамаша жағдай. Жерұйық бір сөзбен айтқанда. Бірақ Джон Кэлхун құдайсыз емес еді, сондықтан жобаны «Ғалам25» деп атады. Неге 25 екенін соңынан білесіз. Бұл қорада 3840 кеміргішке орын бар. Ақыры немен біткенін білгіңіз келе ме? Тыңдаңыз: кеміргіштердің жұмағына төрт жұп тышқанды жібереді. Бақыттан басы айналған тышқандар тез үйренісіп, 55 күннен кейін ұрпақ өрбітеді. Әрбір 55 күнде тышқандардың саны өсіп отырды. Алақай. Бірақ 315 күн дегенде көбею үш есе кеміді. Тепе-теңдікте, бақытты, демократиялы жолмен өмір сүріп жатқан тышқандар енді иерархиялық қоғам құрады. Ең төменде – «шеттетілгендер», ең жас тышқандар, оларды ең жаман орын, қораның ортасына қалдырады. Қарны тоқ, дені сау, қартайғысы келмеген ересек тышқандар әлеуметтік сатыдағы орындарын жастарға бергісі келмеді. Үнемі кемсітіп, рухани сындырып отырды. Үркіп қалған жастар буаз ұрғашысын қорғамайтын болды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған ұрғашылар қатігезденіп кетті. Өте озбыр бола бастады. Қолдарынна басқа не келеді? Әрбіріне доқ көрсетіп, тіпті өз баласын да таптап кетіп жатты. Мүлде кішкентай тышқандар жоғарғы жақтағы ұяларға тығылып, жан сақтады. Ол жақта амал жоқтықтан «саяқ» жүріп өмір сүрді. Көбеюден бас тартты. Көбею кеми берді. Бірақ жұмақтағыдай жақсы жағдай жалғасты. Тозақты кеміргіштердің өзі жасап алды. Бұл жағдай сізге ештеңені елестетпей ме? Мүлде? Онда жалғастырайық. Ары қарай одан зорғы сорақылық басталады.
Жаңа тышқандар пайда болды. Сұлу тышқандар. Яғни, нарыс-тышқандар. Олар ұрғашыға бола төбелеспеді, қорғамады, жерге бола таласпады. Олар өмірден рахат табуды ғана білді. Жеді, ішті, өзіне қарады. Ылғи терісін тазалап әлектенді. Сонымен не шықты: қыздар – «саяқ» кетті, ұлдар – «сұлуланды». Жұмақта өмір сүріп жатты. Тек өзі үшін. Тіршілік үшін күрес жоқ. Уайым-қайғы тағы жоқ. Бір-біріне қызық емес боп қалды. Ұрпақ – нөл. Бірақ ләззатты аңсайды. Содан... Иә, иә, иә... Олар гомосексуалист бола бастайды. Бұл да ештеңені елестетпеді ме? Есіңізге ештеңе түспей тұр ма? Өмірдің бар рахатын көргендер үшін бұл да соңы емес еді. Ақырында тойынған тышқандар каннибал бола бастады. Іштері пысқан соң жаңа сезімге бөленгісі келген шығар. Толық деградация. 1780 күні зерттеуге қатысқан жұмақтағы тышқанның соңғысы өледі. Тышқан жамағаты өзін-өзі жеп тынды. Жұмақ тозаққа айналды.
Енді «Ғалам25» дегеннің құпиясын ашайын. Бұл зерттеуді 25 рет қайталаған. 25 рет тура сол сценарий қайталанады. Қарны тоқ, қайғысы жоқ, жұмақтағы өмір ақырындап Тозаққа айналып отырған. Ақыры өлім. Шаршыдағы өлім.
Біз адамбыз, тышқан емеспіз дерсіз. Әрине, адамбыз, біз олардан да жаманбыз. Не істеу керек? Прогрестен бас тартып, ыңғайлы өмірден қашу ма? Жо, жоқ. Оныңыз не? Тек әрдайым адамдықты биік қойып, рухани дүниеге мән беріп, тәннің қалауына еріп кетпеу керек. Өзіңді керек кезде құрбандыққа шалу, қайғыға ортақтасу, көмектесу, ар мен парызды ұмытпау. Сонда бәрі жақсы болады. Жұмақ деген қарын тоқтық емес, жұмақ деген жан тыныштық. Жан тыныш болу үшін қайғырып, ауырып, уайымдап, жүрек қан жылау керек. Парадокс. Мәселе осы да... Біз адамбыз ғой...
Руслан Карманов
Аударған Шынар Әбілдә