Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаржының тиімді пайдалану мәселесі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында талқыланды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өтті.
Ұлттық экономика министрлігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Бас Прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ауыз сумен қамтамасыз ету салаларында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жоғары тәуекелдер бар екені анықталды Атап айтқанда, прокуратура органдары еліміздің алты өңірі бойынша қаржы жымқыру және мақсатсыз жұмсау фактілері бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік қаражаттың ысырап болғанын анықтаған, одан мемлекетке 730 млн теңге көлемінде зардап келген. Осы фактілер бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, 267 млн теңге қайтарылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық бойынша 145 қылмысты анықтады, қылмыс жасағаны үшін 78 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 59-ы сотталды. Мемлекетке келтірген 931,9 млн теңге зардап сомасының 907,6 млн теңгесі қайтарылды.
Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 10 лауазымды тұлғаны құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке, 22 тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Процесстік шешім қабылдау мақсатында құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 5,7 млрд теңгені құрайтын 24 іс жіберілді. Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы мониторингі комитеті Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 33 қылмыстық іс қаралған.
2019 жылы камералық бақылау жалпы сомасы 42,8 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алудың 45 процедурасын қамтып, жалпы сомасы 39,1 млрд теңгені құрайтын 42 процедура бойынша мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзу жағдайлары анықталған.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы құқық бұзушылыққа жол берген себептерді жоюға және олардың алдын алуға бағытталған нақты шараларды қабылдауды тапсырды. Мемлекетке тигізген зардапты өтеу мәселесіне де ерекше назар аударды.