WatsApp-тағы сөздері үшін ұзақ мерзімге сотталғандар мен олардың туыстары аштық жариялады
Сурет Азаттық Радиосы сайтынан алынды
Алматы қаласында 5 тамызда "терроризмді насихаттады" және "діни араздық қоздырды" деп айыпталған тоғыз адамның сегізі ұзақ мерзімге сотталып, түрмеге қамалған. Олар заңсыз сотталдық деп 30 қыркүйектен бастап мерзімсіз аштық жариялады, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
Алматы қалалық сотына келген олардың туыстары тиісті мемлекеттік органдарға, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап, үстерінен қозғалған іс пен сот шешіміне назар аударуды сұраған.
Қалалық сотқа келген Анжелика Беляева, Сәуле Нұрғалиева, Фарихат Абдрахманова және Жұмагүл Әжібаева туыстары Азамат Үмбетәлиев, Болатбек Нұрғалиев, Назим Абдрахманов және Есім Сүлейменов заңсыз сотталды деп санайды. Егер билік 10 күнде ешбір шара қолданбаса, сотталғандардың туыстары тергеу изоляторында аштық ұстап отырғандарға өздері де қосылатынын мәлімдеді.
Алматы қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттық тілшісіне сотталған сегіз адамның аштық жариялағынан хабарсыз екенін айтты.
Қырық жастағы Болатбек Нұрғалиев 8 жылға, 39 жастағы Ернар Саматов пен 36 жастағы Бекет Мыңбасов "терроризмді насихаттады", "діни араздық қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. 27 жастағы Азамат Үмбетәлиев, 34 жастағы Жасұлан Ысқақов, 32 жастағы Самат Әділов, 31 жастағы Назим Абдрахманов және 36 жастағы Есім Сүлейменов "діни араздық қоздырды" деген айыппен әрқайсысы бес жарым жылға сотталып, түрмеге қамалған.
Қылмыстық іске қарағанда, Болатбек Нұрғалиев "терроризм мен салафизм идеясын насихаттау және салафизм идеясын ұстанатындарды көбейту үшін" WhatsApp мессенджерінде топ ашып, өзімен пікірлес сегіз адамды тіркеген. Сот үкіміне қарағанда, Қазақстанның түрлі өңірінде тұратын бұл адамдар заңға қайшы екенін біле тұра әрекеттерін жалғастырған.
Соттағы соңғы сөздерінде кінәсіздігін айтып, ақтауды сұраған айыпталушылар қазір апелляциялық шағымдарының қаралуын күтіп жатыр. Осы іс бойынша айыпталғандардың бірі Жұлдызбек Тәуірбековтің соты денсаулығына байланысты бөлек өтеді.
Қазақстандағы "Альянс Тірек" құқық қорғау ұйымы бұл іс бойынша сотталған сегіз адамды "діни наным-сенімі бойынша қуғындалғандар тізіміне" қосқан.