Депутат: «Осы залда отырған біз халықтың алдында кінәліміз»
Мемлекеттік заң қабылдаған кезде халықтың алдындағы жауапкершілігін естен шығармау керек. Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров әріптестеріне үндеу айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Бүгінгі парламенттік тыңдауда үкіметке де, соның ішінде әділет министрлігіне, мемлекеттік органдарға біршама сын айтылды. Оның барлығы, әрине, дұрыс. Бірақ, құрметті әріптестер, мен тағы бір нәрсеге назар аударғым келеді. Заңды қабылдайтын кім? Шала болсын, асығыс дайындалған болсын, бұл заңдарды қабылдап отырған бір орган – ол парламент сенаты. Ол біздің өз жауапкершілігіміз", -деді ол сенатта заң шығару процесін одан әрі жетілдіруге арналған парламенттік тыңдауда.
Бектас Бекназаров әрбір қабылданған заңға жауап беру керек болатынын айтып өтті.
"Егер қабылданған заң заман талабына, адам құқы талабына сәйкес келмейтін болса, онда оған, ең алдымен, кінәлі – осы залда отырған біз. Халықтың алдында, елдің алдында", - деді Бекназаров.
Депутат парламент соңғы кездері миллиондаған азаматтың құқын қамтитын кодекстерді қабылдаған кезде, жаңсақ қадамдарға барғанын айтты.
Сондай-ақ, жауапкершілктен жалтармауға шақырды. Халықтың наразылығы осы заңнан шығатынын да қосып өтті.
"Ол заңды тез арада қабылдау керек болды. Алайда, біз оны талқылаған кезде, осының неге апаратынын болжай алдық па? Біз қазір масылдық деген мәселені көп айтып жүрміз. Ал осы масылдықтың тууына осы заң үлесін қосқан жоқ деп кім айта алады? Оны халық көріп отыр. Меніңше, бұл ойландыратын мәселелер", - деп ашуланды депутат.