Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы және "Диуани хикмет" жинағы
Түркістан қаласындағы Т. Бигелдинов, Н.Төреқұлов, Ә.Науаи атындағы жалпы орта мектептерінде "Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы және Диуани хикмет жинағы" атты лекция өтті.
Таным мен тәрбиеге бағытталған шараны Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық - музейі ұйымдастырды.
Адам баласын адал еңбекке, ата мен ана, туысты қадірлеп, ізгілікті тәрбиеге шақыратын, терең білімге жол сілтейтін "Диуани хикмет" кітабы мен ақын бейнесін дәріптеп, жас ұрпаққа тұлғалар жайлы ақпарат беруді мақсат еткен дәрісті қорық-музейдің экскурсоводтары Ардақ Бейсенова, Гаухар Жүзбаева жүргізді.
-"Біз өзімізді танып-білу үшін өткенімізді ескермей, оны бағалап пайымдамай ілгері баса алмаймыз.Қазіргі рухани жаңғыру деңгейіне дейін оқуға, білуге, зерттеуге тыйым салынып келген асыл мұрамыздың бірі- Қожа Ахмет Ясауидың "Диуани Хикмет " еңбегі болатын.
Сопы ақын осы аталған хикметінде бүкіл адам баласын адал еңбекке, әке мен шешені, көрші мен туысты қадірлеуге шақырып, ар тазалығы мен жан тазалығына көңіл бөлді.
Ақын өз заманының көкейтесті мәселесі - оқу ағарту ісін жолға қоюға, әділ билік жүргізу ісіне көңіл бөлді. Қожа Ахметті біз хикметтері арқылы танимыз.Бұл жөнінде ақынды зерттеушілердің бірі Е.Бертельс сопы шайырдың хикметтеріне сипаттама бере келіп, Ясауи жырларының ел ішіне кең тарағанын, оның фольклорлық туындымен сырттай ұқсас болатынын, бұл үрдісті сопылық әдебиетте Ясауидің тұрақтандырғанын айтады",- деді қорық-музейдің экскурсоводы Ардақ Бейсенова.
Жиын барысында оқушылар хикметтерге қатысты сауалдарын қойып, Ясауидің нақыл сөздерін де айтып берді.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі