Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Кез-келген өркениет көшіне ілескен мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ең өзекті мәселелердің бірі. Ол ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіріп қана қоймай, қоғам дамуына кедергі келтіреді. Сол үшін де, әрбір ел азаматына сыбайлас жемқорлықтың залалы мен зарбады жіті түсіндіріліп, түсіндіру шаралары жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс.
Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ерұлан Тұңғышбаев Түркістан облысының Жетісай ауданына барып, адал қоғам қалыптастыру мақсатында ауданға қарасты әрбір мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Келелі кездесу ауданда орналасқан 14 мекемені, оның ішінде мәслихат депутаттары мен құқық қорғау органдарын, аудан әкімі аппараты мен оның дербес бөлімдерін, мемлекеттік кірістер және статистика, кәсіпкерлер мен төтенше жағдайлар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын, Жастар, дін және этно-мәдени бірлестігін, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталығын, мектеп директорлары мен ата-аналарды, сондай-ақ әскери бөлім мен медицина саласын қамтыды.
Кездесу барысында Е.Тұңғышбаев мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру мен билік институттарына деген қоғамның сенімін арттыруды және тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендетуді көздейтін жобалық кеңсенің жұмыс бағытын түсіндіріп, негізгі міндеттерін атап көрсетті.
Сондай-ақ, бірінші басшылардың дербес жауапкершіліктері заңнамамен реттелетініне айрықша тоқталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу – бүгінгі ел саясатының негізгі басым бағыты екендігін тілге тиек етті.
Шара соңында жиынға қатысушылардың қоғамдық санасына әсер ету құралы ретінде облыста орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.