Мемлекеттік қызмет - жеке бас пайдасына табыс табу орны емес

Oinet.kz 24-09-2019 871

Screenshot_9.jpg

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Асанұлы Ғанижанның қатысуымен Арыс қалалық әкімдік қызметшілерінің арасында мақсатты жиын өтті.

Мақсатты жиынға «Түркістан-Адалдық алаңы» Жобалық кеңсе менеджері Е.Тұңғышбаев және Арыс қалалық арнайы мониторингтік топ мүшелері И.Қалиев пен Ә.Ағыбай қатысты.

Кездесудің мақсаты - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы негізінде енгізілген ұсыныстарды қарау.

Іс-шарада алғашқы сөзді алған Ғ.Асанұлы сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің мән-жайлары мен себептеріне, онымен күресу жолдарына және Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі Жолдауына жан-жақты тоқталып, бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі заңнама аясында реттеліп жатқаны айтылды.

30-ға жуық қызметкер қатысқан кездесуде әлеуметтік салаларда, оның ішінде көп балалы отбасыларға жәрдемақыны белгілеу, мектептерде заңсыз ақша жинау, тексеруге немесе кездесуге келген қызметкерлерді тамақтандыру, қонақ үйге орналастыру іспетті сылтаулармен қарамағындағы қызметкерлерден заңсыз ақша жинау туралы ақпараттар Департаменттің «WhatsApp» желісіндегі сенім телефонына көптеп келіп түсіп жатқанын назарға алды.

Алдағы уақытта аталған заңбұзушылықтарға жол бергендер анықталып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Жиында әрі қарай сөз алған Департаменттің тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі А.Тулешовтің баяндауымен Арыс қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің қызметкерлерімен жасалған сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты енгізілген ұсынысы қаралды.

Яғни, ҚР Қылмыстық процестік Кодексінің 200-бабына сәйкес, өндірістен аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекеттік органдарға жолданған қылмыстық бұзушылықтар және басқа да бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстар туралы кеңінен баяндап өтті.

Жиын барысында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталған шенеуніктерге қатысты видео түсірілімдер көрсетілді.

Жиынды қорытындылаған Ғ.Асанұлы бүгінгі өткен жиыннан қорытынды шығарып, сеніп тапсырылған міндетті жоғары абыроймен атқаруға үндеп, өз іс-әрекеттерімен адал аттарына кір келтірмеуге шақырды.

Назарбаев халықаралық қылмыстық топтардың тізімін жасауды ұсынды
Жетісай ауданының тұрғындары адал қоғам қалыптастыруға ниетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу