11 жасар сарыағаштық бала жоғалып, Шымкенттегі әуежай аялдамасынан табылды

Oinet.kz 24-09-2019 883

image.png

Сурет inform.kz сайтынан алынды

Сарыағаш ауданында жоғалып қалған 11 жасар бала алты күн бойы үйіне оралмаған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жеткіншек Шымкенттен табылды, деп хабарлайды OINET.KZ тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл тұрғыны баласының із-түзсіз жоғалғанын айтып полицияға арызданған. Үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткеніне бір аптаға жуықтағанын жеткізген. Әйел алты күн бойы өзі іздеп таба алмаған соң полицияға жүгінген. 

Анасының айтуынша, бала 2 күннен соң хабарласып, туысының үйінде екенін айтқан. Алайда кейіннен анасы қайта қоңырау шалғанда туыстары оның келмегенін жеткізген. Сонымен қатар, баланың анасы перзентінің бұған дейін де бірнеше рет ешкімге айтпастан үйінен кетіп қалғанын айтады. Өйткені, баланың әкесі әйелімен ажырасып, отбасынан бөлек тұрады. Сондықтан бала оны іздеп жиі жолға шығып кететін болған. 

Жоғалған жасөспірімді іздеуге Сарыағаш АПБ бүкіл жеке құрамы, жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының инспекторлары мен жедел уәкілдер жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жан-жаққа бөлініп, ауданның бүкіл аумағын қарап шыққан. Баланың туған-туыстарының үйіне барып, іздеу жұмыстарын күшейтеді. Жасөспірімнің әкесінің анасынан бөлек тұратынын және Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны екенін анықтаған полицейлер сол жақтағы іздеу жұмыстарын да қолға алады. Нәтижесінде 11 жасар бала Шымкенттегі әуежайдың аялдамасынан табылды. 

Тексере келе баланың бір апта бойы әкесінің алыс туыстарының үйінде жүргені анықталды. 

«Тәртіп сақшылары баланы полиция бөліміне жеткізіп, арнайы психолог мамандардың көмегімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Содан кейін оны анасына табыстады. Қазіргі уақытта жоғалған баланы тапқан Сарыағаш АПБ ЖПҚ Ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Серік Дарханов пен Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Майра Елемесоваға жеткіншектің анасы алғыс айтты» делінген хабарламада.

Лионель Месси жылдың «үздік футболшы» атағын алды
Жамбылда балабақша қаржысын жымқырғандар ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу