Шымкентте 14 жасар балаға іздеу салынады
Шымкентте 14 жастағы бала бір аптадан бері табылмай жатыр. Қаладағы №35 мектептің 8-сынып оқушысы Нұрмаханбет Қуаныш Ғалымжанұлы 9 қыркүйек күні белгісіз жаққа шығып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасаған Oinet.kz.
Жеткіншектің өз анасы тоғыз жыл бұрын өмірден өткен. Ал әкесі үш баламен қалған. Қуаныш үйдің үлкені. Мектеп оқушысы жоғалған кезде әкесі Ресейде болған.
Туыстарының айтуынша, отағасы көрші елге нәпақа іздеп кеткен. Баласының жоғалып кеткені туралы хабарды естіген әкесінің елге қайтуға қаражаты болмай, туыстары көптеп көмектесіп, қайтарға ұшаққа билет алып беріпті.
Өгей анасы әкелері Ресейге кеткен соң балаларды алып, өз ата-анасының үйінде тұрған екен. 14 жастағы бала өгей анасының әке-шешесінің үйінен белгісіз жаққа кетіп қалыпты.
Осы жылдың басында қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен Қуаныштың әкесіне үй берілген екен.
"Үй тура №35 мектептің жанынан берілген. Осы жылдың ақпан айынан бері балалар осы мектепте оқиды. Қуаныштың сабақ үлгерімі орта. Інісі мен қарындасы жақсы оқиды. Тәртібіне шағым түскен емес.
9 қыркүйек күні түнгі 11-лер шамасында баланың жоғалғаны туралы сынып жетекшісі хабардар етті. 10 қыркүйек күні таңғы 8-ден барлық құзырлы органдарға хабар бердік. Өгей анасы Динара мен оның туыстарымен сөйлестік. Ол үйге де бардық. Баланың өз туыстарымен де сөйлестік. Әкесі де Ресейден келуі керек. Бізге бастысы, бала аман-есен табылса болды,"-дейді Қуаныш білім алатын мектептің директоры Жайна Қарабаева.
Ал Қуаныштың әкесінің әпкесі бала оңтүстік астанада жүр деп естіпті.
"Алматыда жүр деп те естідік. Бірақ сөйлескен сөзін де, өзін де таппай отырмыз. Әкесіне ақша да жібердік. Несиені жауып, балаларға нан-пұл табамын деп кеткені кеше еді. Баласының жоғалып кеткені туралы естіген соң елге қайтып келе жатыр", - дейді ол.