Жолсеріктер: «Пара беру үшін билетсіз жолаушы аламыз»
Теміржолшылар неліктен жолаушыларды билетсіз алатындарын ашып айтты. Бұл заңсыз іске пойыз бастығы итермелейді екен. Тапсырманы орындамағаны үшін жұмыстан шығып жатқан жолсеріктерді көрген әріптестері пойыз басшысын жұмыстан босатуды сұрап отыр, деп хабарлайды oinet.kz тілшісі «Алау» арнасына сілтеме жасап.
«Біз бастық айтқан соң еріксіз билетсіз адамды аламыз, одан соң біздің үстімізден рапорт толтырылады, жұмыстан қағылатын да бізбіз. Ал біз ол адамды не үшін аламыз? Пара беру үшін. Яғни, сол жолсапардан оралғанда оны бригадирдің қолына ұстатамыз. Ертең сол бригадамен рейске шығуым үшін. Яғни, рейсімді сақтау үшін беремін ол ақшаны. Егер пойыз бастығына ақша ұстатпасаңыз, ол сізді бригададан алып тастайды, үстіңнен рапорт жазып, жұмыстан шығарып жібереді. Сол үшін жан-жақтан қысастап, қақпақылай бастайды», - дейді Түрксіб-Астана рейсінің ашынған кондукторы Жасқайрат Гутов.
Бастығына пара беру үшін билетсіз жолаушы алған Жасқайрат пойызына тексеріс түсіп, ұсталып қалған.
« Олар мені кінәлі қып жіберді. Мен бірден айттым, "сіздерге беретін ақша үшін жұмыс істеп жүрмін ғой" деп. Ал олар болса, "өзің кінәлісің, кім сені мәжбүрледі" дейді. Содан айттым: "Қалай кім мәжбүрлеп жүр, өздерің мәжбүрлеп жүрген. Бер дейсіңдер, ал мен ол ақшаны қайдан аламын" дедім. Пойыз бастықтары бізден ақша алады", - деді Жасқайрат.
Жолсеріктер осыған дейін жұмыстан шығып кеткен әріптестерін қайтарып, оның орнына басшыны ауыстыруды сұрап отыр.
Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер бұл мәселені қолға алатынын айтып отыр.
«Біз бұл шағымды өз бақылауымызға аламыз. Мониторинг жүргізіп, бұл мәселеге қоғамның назарын бұрып, ақырында оны ретке келтіреміз деп сенемін. Біз лауазымына да, басқасына да қарамаймыз. Біз түбінен қопаратын боламыз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.