Білім ордасы жаңа оқу жылына дайын

Шымкентегі М.Әуезов атындағы №96 орта мектепте 800-ге жуық оқушы білім алады. Қазіргі таңда білім ошағын жаңғырту жұмыстары іс жүзінде толық аяқталды. Жоспарланған жұмыстардың барлығы қысқа мерзім ішінде әрі сапалы атқарылды. Күрделі жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталып, тамыз айында, оның ішінде әрлеу жұмыстары да толық аяқталды.
Жөндеу басталғанға дейін мектеп ғимаратының жағдайы өте нашар болған. Сондықтан жаңа ғимарат салған жеңілірек болар еді деуге негіз бар. Жөндеу барысында мектепте тек қабырғалар ғана қалған, оның өзінен де сылақтар алынып тасталды. Бірнеше онжылдық бойы шіріп, жарамсыз күйге түскен едендер алынып, іс жүзінде барлық жерінен су өтетін шатыр толық бөлшектелді. Жылыту жүйесінің қуаты да жеткіліксіз болған.
Қазіргі таңда мектеп оқушыларды қабылдауға 100 пайыз дайын. Құрылысшыларға тек көгал төсеу және автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары қалған.
№96 мектепте 786 оқушы білім алады. Оларға 94 педагог сабақ береді. Білім ошағындағы тәртіп пен тазалықты 24 техникалық қызметкер қамтамасыз етеді. Сондықтан мыңға жуық оқушы мен ересекке жайлы жағдай жасау – маңызды міндет.
«Қыс мезгілінде мектепте жылыту мәселесі болатын. Қазандық ескі әрі қуаты аз болғандықтан, қажетті жылуды бере алмады. Қазір 8 мың шаршы метр аумақты жылытуға мүмкіндік беретін қосымша қазандық орнатылды. Мектептің аумағы 5 мың шаршы метрден асатындықтан, енді жылу жеткілікті болады деп ойлаймыз», – деп түсіндірді Әуезов атындағы №96 орта мектептің директоры Дәуренбек Әбдіғали.
Мектепте өрт қауіпсіздігі мен оқушылардың денсаулығын қорғауға да ерекше көңіл бөлінген. Кіреберіске турникеттер орнатылып, олар бейнебақылау камераларымен біртұтас жүйеге біріктірілген. Бейнебақылау кескіні күзет қызметінің мониторына шығарылады.
Сонымен қатар ғимараттың бірінші қабатына 11 темір есік орнатылған. Олар электронды автоматтандырылған жүйеге қосылған. Өрт болған жағдайда есіктер автоматты түрде ашылып, оқушылардың дүрбелеңге жол бермей ғимараттан қауіпсіз шығуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бұрын болмаған өрт гидранттары да орнатылды.


