Отбасы институтын нығайту мен гендерлік теңдік – тұрақты дамудың негізі
Қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығы - керегесі берік қаланған отбасыға байланған. Әсіресе отбасының ұйытқысы - әйелдер мен өмірдің мәні, елдің болашағы - баланың өмірі – қуатты мемлекеттің өзегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ана мен баланың өмірі мен денсаулығын жақсартуды, отбасы институттарын нығайтуды, гендерлік саясатты дамытуды айтып келеді. Бұл тұрғыда Президенттің тапсырмасымен өңірлерде нақты бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Ана мен баланы қорғауға бағытталған әлеуметтік жобалардың жарқын үлгісі ретінде бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұрған «Ана мен бала» орталықтарын айтуға болады. Мұндай мекемелерде бүгінге дейін мыңдаған жас аналарға психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсетіліп, әсіресе, жалғызбасты және көп балалы аналарды кәсіпке баулып, тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдемші болды. Нәтижесінде бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48%-ын әйелдер басқарып отыр. Мамандардың дерегінше өткен жылы елде 1 миллионнан астам әйел-кәсіпкер тіркелген.
Ана мен бала – қоғамның ажырамас маңызды бөлшегі. Сондықтан олардың денсаулығы мен әлеуметтік хал-ахуалы үнемі мемлекет назарында. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылы мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалпы сомасы 806,8 млрд теңгені құрайтын төлемдермен 565,7 мың адам қамтылған.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде “Ана мен баланың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі” екенін айтқан болатын. Расында мемлекет үшін әр сәбидің дені сау болғаны маңызды. Бұл бағытта да үкімет қолған келер істі аянып қалмауда. Бүгінде Қазақстанда балаларға көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі енгізілген. Атап айтқанда: патронаждық бақылау: жүкті әйелдерге – 2 рет, туғаннан кейін 5 жасқа дейінгі балаларға – 10 рет бақылау жүргізіледі. Ерте араласу моделі: 2022 жылдан бастап іске қосылған, балалардың дамуы мен әлеуетін ерте кезеңнен қолдауға бағытталса, Даму және ерте араласу орталықтары «диагнозға дейін – мүгедектікке дейін» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Осы ретте Қазақстан Орталық Азияда неонаталдық көмекті ұйымдастыру стандартын бекіткен алғашқы және жалғыз ел екенін айта кеткен жөн.
Зайырлы мемлекетіміздің бала тәрбиесі мен біліміне айрықта көңіл бөліп отырғандығы қуантады. Жыл сайын елімізде балабақша мен мектеп тапшылығы кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспар бекітілгенін атап өткен болатын. Жоба аясында 2027 жылға дейін 300 мың жаңа балабақша орны пайдалануға берілуі тиіс. Өткен жылы 2-6 жас аралығындағы балабақшаға кезекте тұрған балалар саны екі есеге азайғанын ауыз толтырып айтуға болады.
Ешбір мемлекетте балалар көз жасын көлдетіп, қорлық көрмеуі тиіс. Біздің елде де бала құқығы басты орында. Әсіресе, соңғы жылдары бұл мәселеге қатысты Президент қатаң шаралар қабылдап, құзырлы органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде 2025 жылы елімізде балаларға қатысты құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді. Айталық балалардың құқықтарын қорғау аясында профилактикалық бағдарламалар іске асырылып, 2,7 миллион бала, ата-ана мен педагогтарға кеңес беріліп, психологиялық қолдау көрсетілді. Сала мамандарының дерегінше өткен жылы елімізде кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 17,9%-ға қысқарыпты.
Қазақстанда гендерлік саясат кезең-кезеңімен дамып келеді. Елде әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, еңбек нарығындағы теңсіздікті азайту бағытында бірқатар заңдар мен бағдарламалар қабылданған. Мысалы, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейту, олардың құқықтарын қорғау мәселелері соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.
Сонымен қатар, әйелдердің саясат пен бизнестегі үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде мемлекеттік қызметте, Парламентте және кәсіпкерлік саласында әйелдердің саны артып келеді. Бұл – гендерлік теңдікке бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.


