Мақта, жүгері, мақсары алқаптары ұлғайтылды

Oinet.kz 06-03-2026

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға артып, 919 мың гектарға жеткізілмек. Оның 536 мың гектары жаздық дақылдарға, 208 мың гектары күздік егіске, 175 мың гектары ескі жоңышқаға тиесілі. Бүл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өңір басшысының төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыланған мәжілісте айтты.

_gluster_2025_9_5_3e463bb9c0d1ebea7b58499b540f2239_original.39241.jpeg

Биыл Түркістан облысында егіс құрылымын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарды құрайды, жүгері 15 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарға жеткізіледі. Ал мақсары 16 мың гектарға көбейіп, 85,4 мың гектарға орналастырылады. Су шығынын азайту мақсатында күріш 7 мың гектарға қысқартылса, ауыспалы егіс талаптарына сәйкес бидай көлемі 25 мың гектарға азайтылып, 216,3 мың гектар болады.

Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдегі дайындық деңгейі мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша жер жырту жұмыстарының 82 пайызы, сор шаю жұмыстарының 52 пайызы орындалды. Оңтүстік аудандарда ерте пісетін көкөніс пен картоп дақылдарын егу қарқынды жүргізілуде. Жоспарланған 18,2 мың гектар ерте пісетін көкөніс дақылдарының 7 мың гектарына көшет отырғызылды. Бұл шаралар ішкі нарықты ерте маусымда отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.

Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін 52,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Айлар бойынша нақты көлемдер белгіленіп, өңірлік операторлар анықталды. Қазіргі уақытта тиісті министрліктер тарапынан жанармайдың босату бағасы бекітілуде. Баға бекітілгеннен кейін бес күн ішінде шаруаларға жеткізу жұмыстары басталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыс бойынша 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыш жеткізу мақсатында отандық өндірушілермен келісім жасалды: «ҚазАзот» 48,2 мың тонна, «Қазфосфат» 23 мың тонна тыңайтқыш жеткізеді. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы қоймаларда 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы. Минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігін арттыру үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаралып, 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Аванстық субсидиялау тетігі бойынша өтінім қабылдау басталды.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 36,8 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге 8,4 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданып, 7,2 млрд теңгеге 321 жоба қаржыландырылды. Қосымша 15 млрд теңгеге екінші траншқа өтінім берілді, қаржы бөлінгеннен кейін тауар өндірушілерді несиелеу жалғасады.

162 мың гектар мақта алқабын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін 30 пайыздық сақтандыру қорын есептегенде 4,7 мың тонна мақта шиті қажет. Қазіргі таңда жергілікті тұқым шаруашылықтарында 1,6 мың тонна жоғары репродукциялық шит дайын, қосымша 3,1 мың тонна трейдерлік компаниялар мен мақта зауыттары арқылы импортталады. Биылдан бастап мақта шитін субсидиялау нормативтері 1,5-2 есеге ұлғайтылып, отандық және шетелдік тұқымдарға бөлек норматив белгіленді. Бұл жергілікті тұқым шаруашылықтарын қолдауды күшейтеді.

Облыста көктемгі дала жұмыстарына 37,4 мың бірлік техника дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 16 мың трактор, 3 мың соқа, 1 мың қопсытқыш, 4 мың дәнсепкіш және 14 мың тырма бар. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы 1872 техника сатып алынып, жаңарту үлесі 9,2 пайызға жетті. Биыл 2029 техника сатып алу жоспарлануда. «ҚазАгроҚаржы» тарапынан 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 19 млрд теңге бөлініп, техника паркін 10 пайызға дейін жаңартуға мүмкіндік туып отыр.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,8 млрд текше метр лимит бекітілді. Облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды, қазіргі таңда оның 6,5 млрд текше метрі немесе 76 пайызы толған. Вегетациялық маусым басталғанға дейін су көлемін толық жинақтауға мүмкіндік бар.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикалық жоспар 27 мың гектарды құраса, облыс мүмкіндігін ескере отырып бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. Қазіргі уақытта 20,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілу үстінде.

Өңір басшысы жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне дала жұмыстарын сапалы үйлестіруді тапсырып, мәселелер бақылауда екенін айтты.

– Ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторлар уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс. Жұмыс жоспары бар, мемлекеттік қолдау бар, енді тірлікті қарқынды атқару керек. Диқандарға берілетін жеңілдіктер мен қолдауларды түсіндіріп, тиісті жұмысты жүргізіңіздер. Қаржы институттары дала жұмыстарына бөлінген қаржыны талапқа сай үйлестіріп, шаруаларды қолдауы керек. Сор шаю жұмыстары уақтылы атқарылсын. Су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстарын жоспарға сәйкес мерзімінде жүргізуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, қажетті жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, қаржыландыру және техникамен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Ветеринариялық жұмыстар жүйелі атқарылуда
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әйелдің қадірі – елдің қадірі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу