Ұлжан МҰСТАФАЕВА: Ең алдымен идеологияны күшейту қажет

Oinet.kz 06-03-2026

Бұл Түркістан облысының мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан, өнердің ортасында жүріп, талай шәкірт тәрбиелеген «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаеваға ел-жұрттың, халықтың қойған аты. Өнерде жүріп, мемлекеттік қызметті де адал атқарған кейіпкеріміз биыл 70 жасқа толмақ. Мерейтой қарсаңында Ұлжан Әбенқызымен сұхбаттасып, оның өмір жолын, өнердегі табыстары мен мемлекетке қызмет ету тарихын тыңдадық. Әңгіме барысында апайымыз өткен шағын еске түсіріп, бірде көңілі құлазып жыласа, енді бірде қызықты сәттерін еске алды.

Сұхбат алдында біз композитор, журналист Бекжігіт Сердәлінің ой-пікірін де тыңдадық. Ол: «Ұлжан Әбенқызының ғұмыры – өнерге адалдықтың, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Жастайынан сахна төрінде мың бұрала билеген биші ретінде ол ұлттық бидің қадір-қасиетін терең түсініп, оны кейінгі ұрпаққа аманат етуді басты парызы санады. Қазірдің өзінде Париждің текті ханшайымдарындай аппақ киініп жүретін апайымыздың әр қимылынан нәзіктік пен тектілік аңғарылып тұрады. Кезінде мәдениет саласының басшысы ретінде Ұлжан апай талай игі бастамалардың ұйытқысы болып, қаланың мәдени тынысын жандандырып, өнер ұжымдарының шығармашылық әлеуетін арттыруға, жас таланттардың қанат қағуына бар күш-жігерін салды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы мен қамқорлығы талай әріптесіне шабыт берді. Ол – тек өнер адамы емес, ұстаз да» дейді. Сонымен әріптесіміз айтпақшы, Париждің текті ханшайымдарындай жүретін би падишасымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

484805751_630353323118295_9067752994260935893_n.jpgБи падишасы

– Ел-жұрт сізді «Би падишасы» дейді. Жалпы, осы би өнеріне қашан, қалай келдіңіз? Бүгінде шәкірттеріңіз бар ма?

– Мен 1972 жылы Бабайқорған ауылында мектеп бітірдім. Кішкентайымнан өнерді жақсы көріп, ән салғанды ұнатып өстім. Мектептен кейін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтына оқуға түстім. Төрт жыл сол жерде білім алдым. Бірінші курстан бастап «Первокурсник» ансамбліне қатысып, ән айттым. Студент кезімде Алматы қаласында өткен байқауға қатыстым. Үшінші курста оқып жүргенімде, ГПТУ-да білім алған Роза Рымбаевамен бірге бір ән байқауына қатысқанмын. Соның өзі мен үшін үлкен шабыт болды.

Шымкентте «Цементшілер» деп аталатын құрылысшылар клубтары болатын. Сол клубтарда би үйірмесіне қатыстым. Заманауи бальный билерді үйрендім. Ауылымызда би үйрететін мұғалім болмағандықтан, ән айтып жүріп, институтта оқыған жылдары биге ден қойдым. Сол кезден бастап биге деген қызығушылығым арта түсті. Институтты бітірмей тұрып, үшінші курста оқып жүргенде Молдавияда өнер көрсеттім. Оқуды аяқтаған соң жолдамамен Маяқұм ауданына жұмысқа бардым. Еңбек жолымды Мәдениет үйінің директоры қызметінен бастадым.

Маяқұм ауданында жүргенімде ауданның бірінші хатшысы «Мойынқұм» ансамблін құру туралы тапсырма берді. Ансамбльді күйеуім екеуміз бірге ұйымдастырдық. Мен әрі би билеп, әрі ән айтып, бір концерттің өзінде алты рет сахнаға шығатынмын.

Кейін Қазақ ССР-нің ән-би ансамблінің жетекшісі Елдос Әшімұлы келіп, мені биге қатыстырды. Ол кезде кішкентай балам болса да, сахнадан қол үзген жоқпын. Сонымен қатар «Қазақтың қызын ұзату» дәстүрін сахналап, көрерменге ұсындық. Сол кездегі Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбековтің алдында өнер көрсеттік. Мәскеудегі ВДНХ-да өнер көрсетіп, 15 республика қатысқан байқауда күміс медаль жеңіп алдық. Одан кейін Португалияға барып, қайтадан Мәскеуде өнер көрсеттік. Кейін Алматыға, Таразға барып есеп беру концерттерін өткіздік. Осылайша би билеп, ән айтып жүріп, Маяқұмнан Түркістан қаласына көшіп келдік.

Түркістанда педагогикалық колледжде ритмика пәнінен сабақ бердім. Біраз уақыттан кейін мемлекеттік қызметке шақырды. Басқа елдер мен өңірлерден жинақтаған тәжірибемді Түркістанның жастарына бергім келді. Сөйтіп, би өнерін жаңа деңгейде дамыта бастадым. Сол кезде маған «Би падишасы» деген ат берілді.

Күйеуім екеуміз «Яссы» фольклорлық ансамблін құрдық. Бізге пәтер берілді, баламды балабақшаға орналастырды. 2000 жылы, миллениум және Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы кезінде қала әкімі арнайы шақырып, үлкен шараға би қойып беруді тапсырды. Сол мерекеде 1500 қызға би билетіп, ауқымды қойылым ұйымдастырғанмын.

Иә, шәкірттерім өте көп. Педагогикалық колледжде еңбек еткен жылдарымда мыңдаған студентке білім бердім. Бүгінде Қазақстанның қай өңіріне барсам да, алдымнан өткен шәкірттерімді кездестіріп, еңбегімнің жемісін көріп жүрмін. Бұл ұстаз үшін үлкен бақыт.

Мен тек бишілерді ғана емес, әншілерді де тәрбиеледім. Сонымен қатар тіл мамандары мен жүргізушілер де менің шәкірттерімнің қатарынан шықты. Олардың арасында бүгінде елге танылып, мәдениет саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Мәселен, Ерлан Жандарбаев, Оразкүл Дәулетова сынды шәкірттерім Мәдениет қайраткерлері атанған, өз саласында биік белестерді бағындырған жандар. Бүгінде танымал азаматқа айналған Нұржан Төлендиев те менің қолымда жұмыс істеген. Қазір мені бәрі «өнердің анасы» деп құрметтейді.

Кейбір шәкірттерім қазіргі таңда Түркияда еңбек етіп, қазақ өнері мен мәдениетін шетелде танытып жүр. Олардың жетістіктерін көрген сайын, ұстаздық жолды таңдағаныма қуанып, жасаған еңбегімнің зая кетпегеніне шүкіршілік етемін. Ұстаз үшін ең үлкен марапат шәкіртінің жетістігі. Мен үшін де солай. Бүгінде олардың табысы мен абыройы менің өмірлік еңбегімнің айғағы.

Бүгінгі қоғамда жауапкершілік мәселесі де бар

– Бір кездері мемлекеттік қызметте болып Түркістанның мәдениетін басқардыңыз. Адал еңбек етіп, оң нәтиже үшін қызмет еткеніңізді білеміз. Қазіргі Түркістанның мәдени өміріне қарап, көңіліңіз тола ма? Тағы қандай өзгеріс керек деп ойлайсыз?

– Салаға сіңірген еңбектерім бағаланып, нәтижесінде мені мәдениет және жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы етіп тағайындады. Ол кезде бұл бөлім қазіргі ішкі саясат саласына сәйкес келетін. Мен мәдениет пен ішкі саясатты қатар басқардым. Мемлекеттік қызметтің ең қиын кезеңінде еңбек еттік.

Түркістанда үлкен тойлар өткенде қажетті лозунгтар келетін. Сондай кезде жастармен бірге көшеге шығып, жалауларды өзім іліп жүретінмін. Қонақтар келгенде іліп, кейін қайта жинайтынбыз. Шынын айтқанда, ол кезде мәдениет саласында ешқандай жағдай болмады: арнайы ғимарат та, көлік те, қазіргі сияқты киімдер де жоқ еді. Өте қиын кезеңде жұмыс істедік. Осылайша 2005 жылға дейін ішкі саясат пен мәдениет саласын басқардым. Кейін бөлім Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болып өзгертілді. Тіл және ономастика мәселелері де біздің қарамағымызда болды. Сол жылдары қазақ тіліне ерекше мән беріп, аянбай еңбек еттім. Республика деңгейіне дейін барып, жеті ауылдың атауын өзгерттік. Қала мен ауыл көшелерінің атауларын тарихи, ұлттық мазмұнға сай өзгертуге бар күшімізді салдық.

Өкшеміз қанаса да, адал еңбек етуге тырыстық. Мен қызметтен кеткеннен кейін Есімхан алаңы да жойылып, Мәдениет үйі де сатылып кетті. Сөйтіп, біраз уақытқа дейін мәдениеттің есігі жабық болды.

Мен бұл салада 17 жыл қызмет еттім. 58 жасымда зейнетке шықсам да, 60 жасқа дейін жұмысымды жалғастырдым. 2014 жылы қызметтен толық кеттім. Менен кейін, 2016 жылдан бастап есептегенде, бұл қызметті 12 адам басқарды.

Маған бір кезде Райымбек Сейтметов «мәдениет министрі» деп ат қойып кеткен еді. Бұл мен үшін үлкен баға, үлкен сенім болатын. Ай сайын республикалық деңгейдегі байқаулар ұйымдастырып отырдым.

Нұртас Оңдасыновтың 100 жылдық мерейтойын өткізген кезде еліміздің маңдайалды тұлғалары арнайы келді. Атап айтқанда, Қадыр Мырза Әлі, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Қасымхан Бегманов, Исраил Сапарбай, Әбіш Кекілбаев сынды заңғар жазушылар мен ақындар қатысып, ел руханиятына үлес қосты. Осындай ірі тұлғалармен қатар жүріп, көптеген ауқымды іс-шараларды бірге өткіздік.

Қызмет жолымда сегіз әкіммен бірге жұмыс істедім. Шетелдерге барған сапарларым да аз болған жоқ. Мәскеуде сол кездегі мәдениет министрі Демичевтің қабылдауында болдым. Португалияның бірінші басшысымен, сондай-ақ Фидель Кастромен кездесудің сәті түсті. Бірқатар мемлекеттерді аралап, көрген-білгенімді, жинаған тәжірибемді елге әкеліп, Түркістанның жастарына үйретуге тырыстым. Республика көлемінде өткізілмеген талай шараларды Түркістанда ұйымдастырдым. «Тұран аруы» байқауын үш рет өткіздік. Бұл байқауға 11 мемлекеттен қыздар қатысып, Түркі әлемінің арулары бас қосты. Сонымен қатар батагөй ақсақалдардың республикалық байқауын, қолөнер шеберлерінің, қылқалам иелерінің, суретшілердің көрмелерін, түрлі келіндер байқауларын өткіздік. Есімхан алаңында өткен іс-шараларға кейде он мыңға жуық адам жиналатын. Бүкіл Түркістан халқы келмесе де, мыңдаған көрермен шаралардың бел ортасында жүретін.

Қазіргі таңда зәулім ғимараттар салынып жатыр, қаржы да жеткілікті. Алайда ғимараттың іші әрдайым халыққа тола бермейді. Себебі бізге ең алдымен идеологияны күшейту қажет. Патриот ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беруіміз керек. Бұл іске ата-аналар да белсенді араласуы тиіс.

Қазір мен жас қыздармен, аналармен жиі жұмыс істеймін. Байқауымша, көп ата-ана баласы мектептен келгенде: «Не жедің?», «Саған кім тиісіп жүр?» деп сұрайды. «Бүгін не үйрендің?» деп сұрай бермейді. Тәрбие тал бесіктен, дастархан басынан басталады. Балаға ертегі айту керек. Тіпті бала ана құрсағында жатқан кезден бастап онымен сөйлесу қажет. Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналардың көбі баламен сырласуға, тілдесуге уақыт таппайды. Ата-ананың жылуын сезінбей өскен бала ертең олардың сөзін тыңдай бермейді. Кітап оқымаған, ертегі тыңдамаған, мейірім көрмеген бала күтімсіз, тыңайтқышсыз өскен ағаш секілді. Ол әлсіз, мейірімсіз болып қалыптасуы мүмкін.

Кейде біз баланы кішкентайынан «мынаны әперемін, ананы әперемін» деп алдауға үйретеміз. Кейін есейгенде «Неге балам осындай болды?» деп таңғаламыз. Сондықтан ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Балаға шынайы махаббат, адал сөз, дұрыс тәрбие беру – ата-ананың басты міндеті.

Сонымен қатар бүгінгі қоғамда жауапкершілік мәселесі де бар. Қазіргі таңда кейбір мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа тек уақыт өткізу үшін келетінін көргенде қынжыламын. Әр адам өз ісін сүйіп атқаруы керек. Білімге мән беріп, жүрек қалауымен таңдаған мамандықта еңбек еткен адам ғана қоғамға пайда әкеледі.

83b8a866454ec8d74a327431928780ce.jpg

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары қоғамда бұрынғыдан қатты резонанс тудырып жүр. Сіздіңше, бұл қоғамның сезімталдығы артқанын көрсетеді ме, әлде пікірлер тым радикалданып бара ма, қалай ойлайсыз?

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының қоғамда үлкен резонанс тудыруы – ең алдымен халықтың сезімталдығы артқанын көрсетеді деп ойлаймын. Бұрын да мұндай жағдайлар болғаны жасырын емес. Бірақ көп нәрсе отбасының ішінде қалып, «ұят болады», «ел не дейді» деген түсінікпен жабық күйінде қалатын. Қазір қоғам үнсіз қалмайды, ашық айтып, ашық талқылай бастады. Бұл – дұрыс үрдіс. Себебі зорлық-зомбылыққа көз жұмуға болмайды. Әділетсіздікке төзбеу – қоғамның сау екенін білдіреді.

Сонымен қатар, кей жағдайда пікірлердің шектен тыс радикалданып бара жатқанын да байқаймын. Әрбір отбасылық мәселені біржақты қарап, әйел мен еркекті қарсы қою белең алып барады. Бір оқиға арқылы тұтас бір жынысты айыптау немесе отбасы институтын әлсірететін ұрандарға еріп кету де қауіпті. Меніңше, мәселенің түп-төркіні әлдеқайда тереңде – тәрбие мен отбасылық құндылықтардың әлсіреуінде жатыр.

Қазіргі жас отбасылар техникаға, материалдық мүмкіндіктерге сүйенген заманда өмір сүріп жатыр. Әрине, заман өзгерді, тұрмыс жеңілдеді. Бірақ отбасының беріктігі тұрмыстық жағдаймен ғана өлшенбейді. Кейде ер азаматтан үнемі «мынаны әпер, ананы әпер» деп талап ету, ал оның шамасы жетпесе реніш пен кикілжіңнің туындауы – түсіністіктің аздығынан. Отбасы – талап қою алаңы емес, бірін-бірі демеу алаңы болуы керек.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек заңмен немесе жаза күшейтумен шектелмеуі тиіс. Заң қажет, әділдік қажет. Бірақ ең бастысы – тәрбие. Тәрбие тал бесіктен басталады. Балаға кішкентайынан мейірім, сабыр, жауапкершілік, өзгені сыйлау сияқты қасиеттер сіңірілмесе, ертең қоғамнан әділет іздеу қиын. Бала әкенің анасына қалай сөйлегенін, ананың әкеге қалай қарағанын көріп өседі. Егер үйде сыйластық болса, бала да зорлыққа емес, құрметке бейім болып қалыптасады. Сондықтан зорлық-зомбылықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, ол – тұтас қоғамның, ең алдымен отбасының міндеті. Біз қыз тәрбиесіне де, ұл тәрбиесіне де бірдей көңіл бөлуіміз керек. Ұлға – жауапкершілік пен сабырды, қызға – өзін қадірлеуді, бірақ сонымен бірге отбасының қадірін түсінуді үйрету қажет.

Қорыта айтқанда, қоғамның зорлық-зомбылыққа бейжай қарамай, үн қатуы – өте дұрыс құбылыс. Бұл – сананың оянуы. Бірақ мәселені айғаймен емес, ақылмен шешуіміз керек. Қарсы қоюмен емес, түсіністікпен. Заңмен бірге – тәрбие, талаппен бірге – мейірім, құқықпен бірге – жауапкершілік жүруі тиіс. Сонда ғана біз берік отбасы құрып, қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз деп ойлаймын.

Қазақ қоғамында әйел әрдайым құрметтелген

– Қазіргі қоғамда гендерлік теңдік мәселесі жиі талқыланады. Өзіңіз феминизмді қалай түсінесіз?

– Иә, кейде «әйел мен еркек толық тең» деген ұран отбасының ішкі үйлесімін бұзатын деңгейге жетіп жатады. Меніңше, теңдік деген – бір-бірін құрметтеу. Әйел ер-азаматын сыйлап, ізет көрсетсе, ер-азамат та әйелін өз жанындай құрметтеуі керек. Бала айтқан сөзден гөрі, көрген өнегені бойына сіңіреді. Үйде сыйластық болса, бала да соған қарап өседі.

Рас, қазіргі қоғамда гендерлік теңдік мәселесі жиі талқыланып жүр. Мен феминизмді ең алдымен әйелдің құқығын қорғау, оның білім алуға, еңбек етуге, қауіпсіз өмір сүруге деген заңды мүмкіндігін қамтамасыз ету деп түсінемін. Әйел қор болмауы керек, зорлық-зомбылық көрмеуі керек, қоғамда өз орнын табуға құқылы. Алайда кейде «әйел мен еркек толықтай бірдей, еш айырмашылық жоқ» деген ұран отбасының ішкі «кухнясын» бұзады. Менің түсінігімде теңдік міндетті түрде бірдей болу емес, бір-бірін құрметтеу, сыйлау, санасу, ақылдасып шешімге келу. Отбасы бәсекелестік алаңы емес, ол өзара қолдау мен түсіністіктің мекені.

Қазақы тәрбиеде әйелдің орны да, ердің орны да айқын белгіленіп қойған. Бұл бірін-бірі төмендету емес, керісінше, жауапкершілікті бөлісу. Ер- азамат – отбасының тірегі, қорғаны. Әйел – шаңырақтың ұйытқысы, берекесі. Осы үйлесім сақталғанда ғана отбасы берік болады. Бала айтқан сөзден гөрі, көрген өнегені бойына сіңіреді. Үйде әке шешесіне құрметпен қарап, ана әкесін сыйлап тұрса, бала да сол үлгіні көреді. Ал үйде күнде айқай, кінәлау, бірін-бірі менсінбеу болса, бала соны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Сондықтан гендерлік теңдік туралы сөз қозғағанда, ең алдымен отбасының ішкі мәдениетін ұмытпауымыз керек.

Өкінішке қарай, кей отбасыларда ашуға ерік беріп, баласына қол көтеріп, орны толмас қателікке барып жатқан аналар да бар. Бұл мейірімнің әлсірегенінің белгісі. Әйелдің құқығын қорғау маңызды, бірақ аналық жауапкершілікті де ұмытпау қажет. Ана тек құқық иесі емес, ол – тәрбиеші, ұрпақтың қалыптасуына тікелей ықпал ететін тұлға.

Біздің тарихымызда Домалақ ана, Ұмай ана сынды парасатты аналар бар. Олар отбасының берекесін сақтап, сабыр мен даналықтың үлгісін көрсетті. Қазақ қоғамында әйел әрдайым құрметтелген. Бірақ ол құрмет жауапкершілікпен қатар жүрген. Сол дәстүрлі тәрбиені бүгінгі заманға бейімдеп, қайта жаңғыртуымыз керек деп ойлаймын. Ер-азаматтың орнына таласып, теңдік сұрау өте қате. Қалай болғанда да, әйел ер-азаматтан төмен тұруы керек. Бұл біздің бағзыдан келе жатқан дәстүріміз, тәрбиеміз, тектілігіміз.

Мен үшін феминизм айқайлау немесе қарсы шығу емес, өз қадіріңді сақтай отырып, өзгенің қадірін де құрметтеу. Әйел де, ер-азамат та бірін-бірі толықтырып тұрғанда ғана қоғам мықты болады. Теңдік  тартыс емес, татулық болуы тиіс.

– Еңбегіңіз ескеріліп, «Құрмет» орденін алдыңыз. Осы «Құрмет» ордені соңғы кездері лайықтыға да, лайықсызға да беріле беретін болды» деген пікірлер айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– Мен 33 жыл үздіксіз еңбек етіп барып қана «Мәдениет қайраткері» атандым. Ол атаққа жету үшін маңдай терімді төгіп, талай қиындықты еңсердім. Ал қазір екі-үш жыл ғана жұмыс істеген жастардың да осындай атақ алып жатқанын көргенде, ойланбай қалмайсың.

Бүгінде «Құрмет», «Парасат» секілді мемлекеттік ордендердің де қадірі төмендеп бара жатқандай әсер қалдырады. Кейбір әншілер сахнаға екі ән айтып шықса да, жоғары марапаттарға ие болып жатады. Әрине, өнер адамының еңбегі еленуі керек. Бірақ орден жай ғана марапат емес, ол ұзақ жылдық табанды еңбектің, елге сіңірген өлшеусіз қызметтің белгісі болуы тиіс.

Мен 52 жыл еңбек етіп барып әрең қол жеткізген марапатымды еске алсам, оның артында қаншама тер, табандылық, төзім тұрғанын білемін. Сондықтан марапаттың оңды-солды таратылуы оның салмағын жеңілдетіп жібере ме деп алаңдаймын.

Қазір түрлі қоғамдық ұйымдардың да орден-медальдары қаптап кетті. Біреуді «пәленшенің профессоры», «әлемнің бірдеңесінің академигі» деп таныстырғанда, оның шынайы еңбегі мен атағының ара-жігі ажырамай қалып жатады. Кейбір марапаттардың сатып алынып, ешқандай елеулі еңбек сіңірмей берілуі награданың қадірін кетіреді.

Тағы бір айтарым, марапат әр мерекеде үлестірілетін сыйлық емес. Ол елге сіңірген адал қызметтің, ұзақ жылғы табанды еңбектің нәтижесі. Әр азамат атақ пен орденге емес, ең алдымен өз ісінің шебері болуға, маңдай терімен адал табыс табуға ұмтылуы керек. Сонда ғана марапаттың да, еңбектің де шынайы құны сақталады.

Өмірімде ауыр сынақтар да көп болды

– Әлі де сахнадан түспей, әжелер ансамблін жетектеп жүрсіз. Одан бөлек, сіздің тәлім-тәрбиеңізді көрген шәкірттер ел мәдениетіне үлес қосып жүр. Жалпы айтқанда, елге қызмет етуде әлі де аянбай келесіз. Енді жеке өміріңіз, отбасыңыз туралы да білсек дейміз.

– Иә, әлі де сол жүрміз. Өнерден ешқашан қол үзген емеспін. Жаңа айтқан ойларымды әжелерге де жиі айтып отырамын. Өйткені бүгінгі таңда кейбір әжелердің өзі сабырдан гөрі асығыстыққа, байыптылықтан гөрі орынға таласуға бейім болып бара жатқандай көрінеді. Ал бұрынғы әжелер қандай еді? Баланы арқасына салып жүріп мейірімін төгетін. Мақта шиттеп отырып-ақ қыз балаға «қырық үйден тыйым» деген тәрбиені сіңіретін. Аналық ақылын, өмірлік өнегесін қарапайым тіршіліктің өзінде үйрететін. Сол өнегені ұмытпауымыз керек.

Жалпы, өмірімде ешкімге қапа емеспін. Көңілім босаса, театрға барамын, кино көремін. Димашты ерекше құрметтеймін, пір тұтамын. Оны тәрбиелеген ата-анасына басымды иемін. Әндерін тыңдап, рухани күш аламын. Кітап оқимын. Жылайтын кезде жылаймын, күлетін кезде күлемін.

Мемлекеттік қызметте жүргенде аяғымнан шалғандар да аз болмады. Әсіресе кейбір ер-азаматтар тарапынан талай кедергі көрдім. Бірақ соған бола сынған жоқпын. Керісінше, одан сайын шыңдала түстім, жұмысымды жалғастыра бердім.

Өмірімде ауыр сынақтар да көп болды. Төрт рет жол апатына түстім, оның екеуі өте ауыр болды. Бір апатта күйеуімнен айырылдым. Өзім бір жарым жыл мүгедектік зейнетақысын алып, орнымнан тұра алмай, үйде жаттым. Иығым шашылып, жарақатым ұзаққа созылды. Екінші апатта жұлыным үзіліп кете жаздады, тістерім сынып қалды.

Одан кейін үйім өртеніп кетті. Бір сағаттың ішінде күлге айналды. Ештеңе қалмады. Тағы бір жолы бір қазан көжеге күйіп, аяғым қатты жараланды. 2019 жылдың желтоқсанында күйіп, 2020 жылы төсек тартып жаттым. 2021 жылдың қаңтарында ғана ходунокпен жүріп, далаға шықтым.

Осындай қиындықтардың бәрінде Алла маған сабыр берді. Өмір сүруге деген құштарлығымды қайта оятты. Мен өміріме ризамын. Егер тағы да жұмыс, қызмет берсе, баяғыдай ел үшін еңбек етуге дайынмын. Қоғамға пайдам тисе екен деп тілеймін. Қазіргі таңда мектептерге, университеттерге шақырып тұрады. Демек, айтар сөзім бар деп ойлаймын. Соған қуанамын. Мені жақсы көретін, сыйлайтын шәкірттерім көп. Барлығын жақсы көремін.

Бес уақыт намазымды оқимын. Егер біреуге артық сөз айтып қойсам, кешірім сұраймын. Бүгін сізге жан дүниемді ақтарып, толқып та алдым. Биыл 70 жасқа толдым. Аллаға шүкір, бір ұлым, екі қызым бар. 11 немерем, бір шөберем бар. Қыздарым да, ұлым да, келінім мен күйеу балаларым да жоғары білімді, оқыған азаматтар. Немерелерім де білім алып жатыр, студенттер.

Өткен өміріме қарасам, қиындық та болды, қуаныш та болды. Бірақ бәріне тәубе деймін. Өмірді сүйемін, адамдарды сүйемін. Шүкіршілік етемін.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Аида ӨТЕП 

О.Бектенов: Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ
«Сақ» киностудиясының серпінді бастамасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу