Ақша жымқырған мектеп директорына сот үкімі шықты
Жақында Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Astana English School мектебін 10 жылдан астам уақыт басқарған 65 жастағы Гүлнар Садықова мен осы мекеменің 41 жастағы бас бухгалтері Айжан Атжановаға қатысты үкім шығарды.

Журналист Михал Қозачковтың мәліметінше, директор мен бас бухгалтер бірнеше жыл бойы түрлі заңсыз әрекеттер арқылы қомақты қаражат тапқан.
Мемлекеттік мектепте «өлі жандар» әдісі қолданылған: алты адам ресми түрде жұмысқа тіркелгенімен, мектепте бір рет те төбе көрсетпеген. Олардың жалақысын директор Садықова өзі алып отырған. Тек осы әдіспен бюджетке келген залал 28 миллион теңгеден асады.
Оған қоса, директор мектептің лицензиясы болмаса да, нөлінші сыныпты ашып, балалардың ата-аналарынан ақшаны қолма-қол алып келген. Осы заңсыз әрекеттен келтірілген шығын 300 миллион теңгеден асқан.
Мектепте рұқсатсыз жазғы лагерьлер де ұйымдастырылып, бұл жерден де кем дегенде 24 миллион теңге табыс түскен. Мұнда да директор «ақшаны тек қолма-қол аламыз» деген қатаң талап қойған.
Мектеп шет тілдеріне мамандандырылғандықтан, шетелден келген мұғалімдерге жоғары жалақы тағайындап, оның біраз бөлігін де директор өзіне аударып отырған. Бұл схемадан шамамен 70-75 миллион теңге жымқырылған.
Мекеменің бас бухгалтері Атжанова да аталған қылмыстарға белсене қатысып, оның шоттары арқылы 175 миллион теңге заңсыз айналымда болған.
Сот барысында Садықова мен Атжанова кінәларын ішінара мойындады, бірақ нөлінші сынып пен жазғы лагерьден түскен ақшаны тек мектеп қажеттілігіне мысалы, перделер жаңартуға жұмсағанын айтып ақталды. Судья Әсел Мұқұшева айыпталушылардың қаржыны жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану және заңсыз табысты заңдастыру фактілері толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Нәтижесінде Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның 500 шаршы метрлік зәулім үйі, он қымбат сөмкесі және көптеген бағалы әшекейлері тәркіленді. Айжан Атжанова 7 жылға сотталып, оның автокөлігі мен коммерциялық ғимараты тәркіленді.
Айта кетейік, Гүлнар Садықова – блогер Индира Асанбаеваның анасы. Индира Асанбаеваның есімі Бишімбаев ісі бойынша өткен сотта аталған еді. Марқұм Салтанат Нүкенованың құрбысының сөзінше, Дима Биланның концертінде экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Индира Асанбаева бір-бірімен сүйісіп амандасқаннан кейін ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Кейін Индира Асанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында концертке құрбысымен барғанын, Бишімбаевпен сыпайы ғана амандасқанын жазған еді.


