Саяси партиялар жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

Oinet.kz 01-03-2026

Screenshot_2.jpg

28 ақпанда Астанада жаңа Конституциясы жобасына арналған Партияаралық диалог өтті. Пікірталас «Qazaqstan» телеарнасының әлеуметтік желідегі платформаларында және «Хабар» телеарнасының YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Партияаралық диалог – спикерлерге қойылатын нақты регламенті мен айқын міндеті бар, 4 раундтан тұратын бірегей пікірталас форматы.

Диалогқа Қазақстандағы 7 партия атынан 14 спикер қатысты. Олар модераторлар мен қарапайым қазақстандықтардың сұрақтарына жауап бере отырып, жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұстанымдарын білдірді.

Спикерлер Тәуелсіздік пен ұлттық бірлікті Конституция деңгейінде бекіту, Парламент бақылауын күшейту, білім мен ғылымды дамыту басымдығы, әлеуметтік кепілдіктер, меншік құқығын қорғау, мемлекеттің экологиялық жауапкершілігі, азаматтардың цифрлық құқығы және негізгі шешімдер қабылдау кезіндегі жалпыхалықтық референдумның рөлі сынды бірқатар мәселені талқылады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым жаңа Конституция жобасының 3-бабына қатысты сұраққа жауап бере отырып, бұл бапта алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің стратегиялық қызмет қағидаттары – Тәуелсіздікті қорғау, ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту, адам құқығы, ғылым мен білім басымдығы бекітілгенін мәлімдеді.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ жаһандық трансформациялар мен технологиялық өзгерістер жағдайында Конституцияны жаңғырту қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, Ата Заңды жаңғырту – мемлекеттің құқықтық тұрғыда дамуының қисынды кезеңі.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасы мемлекет дамуының адамға бағдарланған моделін бекітетінін айтты. Соған сәйкес, мемлекет адамға қызмет етуге тиіс.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев Конституцияға өзгерістер енгізудің жаңа тәртібіне – жалпыхалықтық референдум арқылы шешім қабылдау мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция ұзақ мерзімді инвестициялар үшін болжамды орта қалыптастыратынын атап өтті.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова мемлекет пен бизнес әріптестігінің философиясына тоқталды.

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жаңа Ата Заңның әлеуметтік мәніне назар аударды.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртаев экологиялық жауапкершілікті күшейту мәселесіне тоқталды.

Өз кезегінде, «Байтақ» партиясының мүшесі Тәңірберген Бердоңғаров Конституция мәтініне «Миранда ережесінің» енгізілуін оң бағалады.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының атынан оның төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу қадамын қолдады.

Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева жеке меншікті қорғау мәселесіне назар аударды.

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов жаңа редакция адам өмірінің елеулі бөлігі цифрлық кеңістікке ауысқанын ескеретінін айтты.

Ал оның фракцияласы Нұрлан Әуесбаев отбасы институты мен бақытты балалық шақты қорғауды күшейту мәселесіне тоқталды.

Осылайша, партияаралық диалог алаңы жаңа Конституция жобасын талқылауда саяси ұстанымдардың кең ауқымын көрсетіп, көрермендерге елдің алдағы дамуына қатысты негізгі мәселелер бойынша партиялардың көзқарастарын салыстыруға мүмкіндік берді.

МЕМЛЕКЕТТІҢ САЯСИ ПАРТИЯЛАРЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу