Қоспаевтың қылмыстық тобына қатысты шыққан үкім жайлы толығырақ белгілі болды
Астанадағы сот Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының 11 қатысушысына үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының 11 мүшесі не үшін кінәлі деп танылғанын ұсынды:
ұйымдасқан топ құру және басшылық ету (ҚК 262-бабының 1-бөлігі);
ұйымдасқан топқа қатысу (ҚК 262-бабының 2-бөлігі);
бірнеше рет қылмыстық топ жасаған рейдерлік (ҚК 249-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы);
қылмыстық топтың ірі мөлшерде заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату) (ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 2,3-тармақтары);
қылмыстық топпен жасаған аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу жолымен жымқыру (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 1,2-тармақтары);
қылмыстық топ жасаған, жымқыру белгiлерiнсіз мүліктік ірі залал келтіру (ҚК 195-бабы 4-бөлігінің 1,2-тармақтары);
қылмыстық топ жасаған аса ірі көлемдегі алаяқтық (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 1,2-тармақтары);
қылмыстық топ жасаған, аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан заңсыз кәсiпкерлiк (ҚК 214-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтары);
есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау (ҚК 233-бабының 2-бөлігі);
қылмыстық топ жасаған аса ірі мөлшердегі қорқытып алушылық (ҚК 194-бабы 4-бөлігінің 1,2-тармақтары);
қылмыстық топтың рейдерлік жасауға дайындалуы (ҚК 24-бабының 1-бөлігі - 249-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы);
қылмыстық топтың шекараны заңсыз кесіп өтуі (ҚК 392-бабының 2-бөлігі);
зорлау (ҚК-нің 120-бабының 1-бөлігі);
жалған құжатты пайдалану (ҚК 385-бабының 3-бөлігі);
ресми құжатты қолдан жасау (ҚК 385-бабының 2-бөлігі);
салық төлеуден жалтару (ҚК 245-бабының 3-бөлігі) бойынша үкім шығарды.
"Бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасау мақсатында, К.Е., 2016 жылы құрамында: К.А., К.А. (оған қатысты іс жеке өндіріске бөлінген), А.Д., Т., Б.Р., Ш., И., К.О., Б.В., К.А. және А.К.-мен ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық еткен. 2016 жылдың қазан айынан 2021 жылға дейінгі аралықта ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері мүліктік пайда алу мақсатында 5 ЖШС-ны рейдерлік жолмен басып алған және 1 ЖШС-ға рейдерлік жасауға дайындалған. Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 2018-2022 жылдар аралығында ЖШС-ның 4,6 млрд теңге сомасындағы мүлкін жымқырған", - делінген хабарламада.
Нәтижесінде Esentai City тұрғын үй кешеніндегі 133 тұрғын және тұрғын емес үй-жай арзандатылған бағамен өзіне, туыстарына және олармен үлестес тұлғаларға сатылған.
Осымен тоқтамай, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі К.Е. мен оның мүшелері ҚР аумағында контрафактілік тіркеу-бақылау маркалары бар алкогольдік өнімдерді заңсыз сатуды ұйымдастырған.
Ол үшін олар өз қарамағындағы кәсіпорындарды пайдаланып, жалпы сомасы 7 млрд теңгеден астам пайда тапқан.
Заңдастырылған қаражатты пайдалана отырып, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қымбат жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер сатып алып, мүлікті жалға беріп, заңсыз жолмен тапқан қаражатты депозиттеріне салып, бейберекет өмір салтын жүргізген.
"Дәл осы уақыт ішінде К.Е., Ш., И. және К.А. қауіп төндіру арқылы жәбірленушілер К. және К-ға тиесілі автокөлік және сауда базары түріндегі мүлікті қорқытып алған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ш., өзінің жазасыз қалатынын және барлығына рұқсат берілгенін сезініп, И-ды зорлаған", - делінген сот хабарламасында.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында К.А., Ш., И., жасаған қылмыстық құқықбұзушылықтарының ауырлығын түсіне тұра, құқық қорғау органдарынан жасырыну мақсатында ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен.
Барлық 11 сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің, сотталушының айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен, заттай айғақтар алынған тінту нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сотта прокурор айыптауды қолдап, соттан барлық сотталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушы тарап сотталушылардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза қарастырылған.
Сот 9 сотталушының жас балаларының болуын сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сотталушылар К.Е., К.А., Ш., К.О., И-дың қылмыстық топ құрамында белгілі бір қылмыстарды жасауы қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде танылды.
Сот үкімімен келесілер кінәлі деп танылып:
- Е.К. - 15 жылға бас бостандығынан айыру;
- К.А. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- Ш. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- И. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- А.Д. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- А.К. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- Б.Р. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- К.О. - 10 жылға бас бостандығынан айыру;
- К.А. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- Т. - 12 жылға бас бостандығынан айыру;
- Б.В. - 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Одан бөлек, сот сотталушыларға қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеу, коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару және алкоголь өнімдерін сату саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаларды тағайындады.
Сот сотталғандардың 78 пәтерін, 6 жер учаскесін, 1 қоймасын, 10 коммерциялық үй-жайын, жалпы ауданы 2 482 ш.м. құрайтын 2 көппәтерлі үйін, 5 гаражын, 3 тұрғын-жай емес ғимаратын, жер телімін қоса алғанда 5 сауда нысанын, 80 автокөлігін, 2 дана қаруын, сонымен қатар ақша қаражаттары мен бағалы заттарын мемлекет кірісіне тәркіледі.
Сот жәбірленушілердің пайдасына жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жуық материалдық шығын мен моральдық зиянды өндірді.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық топ туралы не белгілі?
2022 жылы шілдеде Алматының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы ірі бизнестерді ұзақ уақыт бойы рейдерлік басып алумен айналысқандарды әшкереледі.
Күдіктілер зорлық-зомбылық, қоқан-лоқы жасау, бопсалау арқылы елдегі танымал кәсіпкерлерді өз мүлкін беруге мәжбүрлегені белгілі болды.
Кейінірек Қаржылық мониторинг агенттігі компанияларды рейдерлік жолмен басып алу туралы істің егжей-тегжейін айтты. 2022 жылы 14 шілдеде сот топтың төрт мүшесіне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Ал ҰҚТ басшысы саналатын Елдос Қоспаевтың өзіне және тағы екі қатысушысы Шалин мен Имашевке халықаралық іздеу жарияланды.
2023 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізді.