Хуторлық Хасанға қатысты тағы бір ақпарат тарады: полиция пікірі
БАҚ-та хуторлық Хасан Қасымбаевқа қатысты ақпарат пайда болды. Тараған ақпаратта Қасымбаевтан бір айып алып тасталғаны, қылмыстық іс бір ғана баппен қаралып жатқаны айтылады. Алайда Алматы облыстық полиция департаменті Massaget.kz тілшісіне берген жауабында бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін БАҚ Хасан Қасымбаевтан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деген айып алып тасталғанын хабарлаған болатын.
"Көрсетілген тұлғаға қатысты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау деректері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін іс материалдары тараптарға танысу үшін беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді", - деп жазылған жауапта.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін жиі айтыла бастады.
Еске салайық, бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланды.
Үш жыл бұрын болған қылмыс видеоға түсіп қалған. Жазбада жәбірленуші, яғни ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Алимов екені жазылған. Оның туыстарының сөзінше, ер адам алдымен "Виктория" шағын маркетінің жанында соққы жеп, артынша ес-түссіз күйде Кеңдала ауылындағы канал жақтан табылған. Содан кейін ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.