«Видеода кісі өлтіру болып жатқанын дәлелдейтін ештеңе жоқ»: Бишімбаев күнәсін мойындай ма?
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министрдің сотында жарыссөз жалғасып жатыр. Тараптар арасындағы пікірталаста Қуандық Бишімбаев өз сөзін бастады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бишімбаев өз сөзін болған жағдайға кінәлі екенін мойындаудан бастады.
“Ұсталғаннан кейін бірден болған оқиғаға өзімнің кінәлі екенімді айтқанымды видеодан көрдіңіздер. Бірақ екі күннен кейін әйелімді өлтіруді жоспарлады деген айып тағылады деп ойламадым. Мені мұнда бұл ауыртпалықты сезінбейтін жүрексіз адам деп атады. Салтанатты жамандағаным үшін мені сөкті. Бірақ мен өзім білетін шындықты айттым", – дейді ол.
Бишімбаев тергеу кезінде эмоциялы күйзеліске түскенін, болған оқиғаны түсініп, қабылдай алмадым деп айтты.
"Мен осы әрекетім үшін күн сайын өкінемін. Алла Тағаладан кешірім сұраймын. Мен осында өзімді қорғауым керек, мұны жеңуім керек екенін білемін. Мұны маған берілген жаза ретінде қарастырамын. Шынымен істеген ісім үшін кез келген жазаны көтеруге дайынмын. Салтанатты қасақана өлтірген жоқпын, бірақ оның өліміне мен кінәлімін. Салтанаттың ағасы мен ата-анасынан кешірім сұраймын”, – деді ол.
Сондай-ақ ол 23 жасында екі жасар қызынан айырылғанын, оның аурудан қайтыс болғанын жеткізді.
Бишімбаев өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.
"Айыптау актісінде айтылғандар жалған. Мен онымен келіспеймін, ол ойдан шығарылған. Айыптаушы тараптың болжамымен ғана жазылған", – деді экс-министр.
Сондай-ақ Бишімбаев сотта көрсетілген видеолардан ұялатынын айтты.
“Мен бұл видеолардан ұяламын. Басынан ешқандай соққы берген жоқпын, аяғыммен де теппедім. Видеода кісі өлтіру болып жатқанын дәлелдейтін ештеңе жоқ. Жай ғана оны ренжіткім келді, бірақ өлтіремін деп ойламадым”, – деді Бишімбаев.
Бишімбаев сөзінде туысы Байжановтың бұл іске мүлдем қатысы жоғын айтты. Оның айтуынша, ол тек өтініштерін орындаған.