Жарылыстан кейінгі Арыс қазір қандай күйде? (Фоторепортаж)
Кеше таңертең Арыс қаласында әскери қоймада жарылыс болып, ондағы снарядтар, снаряд жарықшақтары қалаға шашылды. Салдарынан қалада хаос орнап, тұрғындар жан-жақта бас сауғалап қашқан еді.
Сол күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кешкісін брифинг өткізіп, қаладағы ахуал жөнінде баяндап берді.
Ал, бүгін қалада не жаңалық? Бұл жөнінде Oinet.kz сайтының тілшісі оқиға орнына барып баяндайды.
Арыс қаласына кіру мүмкін емес. Қорғаныс министрлігі мен арнайы өкілетті органдар қалаға кірер жолда бірнеше блокпосттар орнатып тастаған. Бірақ, осыған қарамай, адамдар қалаға кіруге ұмтылып жатыр. Мұнда бірінің құнды заттары, бірінің қажетті дүниелері бар. Соны алғылары келеді. Бірақ, адам өмірі бәрінен қымбат. Фотода Арыс қаласына қарасты Ақ дала ауылдық округі маңында құрылған блокпостта әскерилер мен полицейлер тұрғындарды ішке кіргізбей жатыр.
Полицейлер өлермендікпен ішке ұмтылған азаматтарға қалада әлі жарылыс қаупі бар екендігін деп түсіндіріп, кері қайтарып жатыр. Бірақ, тұрғындар қайтпай блокпост маңында қарақұрым болып жиналып тұр.
Арыста бірде-бір тұрғын жоқ. Бәрі қауіпсіз жерге жеткізілген. Қорғаныс министрлігінің мамандары қаланы әлі залалсыздандырып жатыр. Әзірге қаланы қауіпсіз деуге келмейді. Жарылыстар орын алуы мүмкін. Сондықтан да тұрғындар қала жарылғыш заттардан толықтай залалсызданырып бітпейінше кіргізілмейді.
Көшелерде көлік жоқ. Бар болса бұзылып жарамсыз күйде тұр. Сәл болса аударылғалы тұрған көліктер де қорқыныш туғызады.
Снаряд түскен ғимараттар толықтай қираған. Мүлдем жарамсыз күйде.
Үйлерде әлі өрт болып жатыр. Өрт сөндірушілер жүгіріп жүріп өртті ауыздықтауда.
Жай күндері адам деген құмырсқадай қаптап жүретін теміржол вокзалында өлі тыныштық.
Жарылыстағы ауа толқыны ағаштарды да сұлатып түсірген.
Ал, тойхана иелері біраз шығынға батты. Даңғарадай ғимараттарының терезелері шытынап сынып, бірнеше жеріне зақым келген. Ғимарат сыртын сәндеуге арналған қымбат құрылыс материалдары быт-шыт болып қирап, жерде шашылып жатыр.
Жолдағы шыны терезелі аялдамалар да адам көргісіз күйге түскен. Терезеге ілінген түрлі жарнамалар жыртылып, жерге құлап түсті.
Тек малдар ғана алаңсыз жүр. Олар қалаға жақын маңдағы әскери қоймада жарылыс болғанын, жарылыс салдарынан қала тұрғындары жаппай эвакуацияланып, жан-жаққа "қашқанын" білмейді. Олар қалада неге көлік пен адам баласы азайып кеткенін аздап "түсінбей" жүр. Бәрінен бұрын, олар - қаталап жүр. Арыста күн жанып тұр. Ал, сиырлар ішетін су таппай, еріндері кеберсіп жүр. Шөлге шыдамағандары әлдене іздеп (бәлкім, егелерін) мөңіреп қояды.
Қаладағы сауда орындары бос. Тауарлары жаймада самсап тұр. Дегенмен, оны алатын адам жоқ. Дүрбелең болған кезде жұрт жапа-тармағай қашқан кезде, кей көкөністер жерге шашылып түскен. Жерде әлі де домалап жатыр.
"Бүлінгеннен бүлдіргі алма" дейді. Дегенмен, осындай аласапыран кезді пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетіндер бар. Қаланы күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің айтуынша, қалада ұрлық фактілері тіркелген. Мысалы, кеше бір кісі әлдекімнің көлігін айдап кетпек болған. Оны полицейлер тез арада құрықтап, қолға түсірді. Кей адамдар блокпосттан өте алмайтын болғасын, шеттен қыр арқылы асып өтіп, қолына ілінгенді алмаққа әрекеттенген. Бірақ, полицейлер оларға жол бермеуде. Олар қалада әлдеқандай себеппен қалып кетіп, көлікпен ызғытып жүргендерді ұстап, не үшін жүргендерін тәптіштеп сұрап, тексеруге алуда.
Қала көшелерінде ызғытып жүргендер оқтын-оқтын кездеседі.
Қош Арыс, аман бол!
Оқиға орнынан фоторепортаж жасаған - Абылайхан Есімбай