"Кезінде билік Жаңаөзен оқиғасын дұрыс тергеуге кедергі келтірді": Мұнайшылардың үшбу хаты

Oinet.kz 18-06-2022 1013

Маусымның 17-сі күні "Өзенмұнайгаз" компаниясының екі мұнайшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігіне 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты жаңа тергеу жұмыстарын ұйымдастыруға шақырып хат жолдады. Маңғыстау облысындағы моноқаланың мұнайшылары ел президентіне үшінші рет үндеу тастап отыр, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі Azattyq порталына сілтеме жасап.

Screenshot_2.jpg

Жаңаөзендіктер 2018 жылғы алғашқы өтініштеріне бұл іс бойынша сот әділ шешім шығарды және тергеуді қайта бастауға негіз жоқ деген жауап алған. Ал 2019 жылы әкімшілікке жазған екінші өтініштеріне тіпті жауап келмеген.

Ақорда кеңсесіне арыз жазған екі адамның бірі 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағынан жарақат алған 53 жастағы Нұрлыбек Нұрғалиев. Онымен бірге елордаға келген Мұратбай Жұмағалиев 2011 жылы Жаңаөзен алаңында жеті ай бойы жұмыс жағдайын жақсарту мен жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шыққандардың қатарында.

“Кезінде билік Жаңаөзен оқиғасын дұрыс тергеуге кедергі келтірді. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін11 жыл күттік. Енді Тоқаев жаңа Қазақстанды құру туралы мәлімдеме жасады. Қаңтар оқиғасы 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы шындықтың ашылмауынан болды деп есептеймін. Мемлекет адамдарды атып, түрмеге тығып, қинауға үйренген",- деді Мұратбай Жұмағалиев.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде жұмыс жағдайын жақсарту мен жалақыны көтеруді талап етіп, қала алаңында тұрған мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуіліне қатысушыларды тарату кезінде полиция қызметкерлері оқ жаудырған. Ресми мәлімет бойынша сол күні Жаңаөзенде 17 адам қаза тауып, келесі күні Шетпе станциясында жүзден астам адам жараланған. Жергілікті тұрғындар мен құқық қорғау ұйымдары қаза тапқандар көп екеніне сенімді екендерін айтты.

Халықаралық демократиялық қоғамдастық Қазақстан үкіметінің бұл әрекетін айыптап, қантөгісті мұқият және әділ тергеуге шақырды.

2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталған бес полицей бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Кейін барлық сотталған полиция қызметкерлері мерзімінен бұрын босатылды.

Жаңаөзенде "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды", "ұрлық" және "тонау" айыптары бойынша сотқа 37 адам жеткізілді. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталды, бесеуі рақымшылыққа ілікті, 16-сы шартты түрде бас бостандығынан айырылды. 2012 жылдың маусым айында сотқа келгендердің 13-і үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Алайда олар тағылған айыпты мойындамады.

Кейбір азаматтық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері адамдарға оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмаған деп есептейді.

Бішкекте Қазақстанның биозертхана салуына қарсы митинг өтті
"Бұл ақылға қонымсыз": Жамбыл облысында орын алған жарылыс жыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу