Қазақстанға алтын сыйлаған балуан Түркістанда оқиды
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова Әлем чемпионатының жеңімпаздарын қабылдады. Бауырлас Башқұртстан астанасы Уфада өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегерлері Нилуфар Раимова мен Мадина Аманды құттықтап, арнайы құрмет көрсетті.
– Сіздердің жеңістеріңіз – университет үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен жетістік! Нилуфар Раимова Қазақстанға 13 жыл арман болған алтын жүлдені жеңіп алды. Мадина Аман өзінің ерік-жігерінің нәтижесінде қола жүлдені иеленді. Біз осындай шәкірттеріміздің барына мақтанамыз. Алдағы жарыстарда тек қана жеңіс тілейміз! – деді Жанар Амангелдіқызы.
Ректор спортшылардың бапкері Нұржігіт Ерімбетов пен студенттердің ата-аналарына алғыс айтып, арнайы сый-сияпат жасады. Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне университеттің Өкілетті кеңесі төрағасы, профессор Мухиттин Шимшектің атынан ноутбук тарту етті. Сонымен қатар, балуандар мен жаттықтырушысына Түркия елінде сауықтыру-оңалту орталығында тынығу үшін 10 күндік жолдаманың сертификатын табыстады. Өз кезегінде, Нилуфар Раимова мен Мадина Аман университет басшылығының қолдауына ризашылығын білдірді.
Бұған дейін ректордың орынбасары Асқар Тұрғанбаев бастаған ұжым білім алушы жастармен бірге Әлем чемпионатының жүлдегерлерін Түркістан халықаралық әуежайынан қошеметпен күтіп алған болатын. Облыс басшылығының ұйымдастырумен спортшыларға жергілікті демеушілер есебінен сый-құрмет көрсетілді.
Нилуфар Раимова Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ІІІ курс студенті. Байрақты бәсекеде әнұранымызды әуелетіп, Әлем чемпионы атанған Нилуфар әйелдер күресінде 57 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Алғашқы белдесуінде ресейлік Анастасия Козлованы 6:5, беларусиялық Мария Хулиданы 12:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда түркиялық Эльвира Камалоглудан 4:2 есебімен басым түсті. Ал, финалдық кездесуде Италия балуаны Аврора Руссті 8:6 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстан халқы 13 жыл күткен алтынды олжалады.
59 келі салмақта белдескен Мадина Аман қола медальды еншіледі. Боз кілем төрінде бар күш-жігерін ортаға салған түркістандық ару әлем мықтыларының үздік үштігіне енді. Осылай Нұржігіт Ерімбетов баптаған Әбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері еліміздің мерейін үстем етті.