Рухияны Баталов қабылдап, кәсіпкерлер көлік сыйлады (фото)
Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов “Славян базары" байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенованы қабылдады. Бұдан соң әншіге өңірдің кәсіпкерлері көлік сыйлады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Амандық Баталов бойындағы талант пен еңбекқорлығының арқасын Рухия Қазақстанды халықаралық аренада танытқандығын айтты.
"Осы байқауда жеңімпаз атанды дегенді естігенде қатты қуандым. Бұл - үлкен жетістік. Қазақстанды әлемдік деңгейге таныта білдің. Бойыңдағы талантыңа сөз жоқ. Бірақ еңбек пен алдыға деген ұмтылыс сені жеңіс тұғырына көтерді. Байқау алдында кездескенімізде өзіңе шын көңілден сәттілік тілеп едім. Тілегімнің орындалғанына қуанып отырмын. Есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішов есімді ұлы талант иелері сияқты биік белестерден көріне бер", - деді әкім.
Сондай-ақ, Рухия Байдүкенова алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен Амандық Баталовқа ризашылығын білдірді.
“Талдықорғандықтардың маған деген сенімі күш беріп, жеңіс тұғырына көтерді. Сол себепті жеңімпаз статуэтканы Амандық Ғаббасұлы өзіңізге табыс еткім келеді", - деген талантты әнші Рухия Байдүкенова өзінің лебізін жеткізді.
Соңынан Рухия Байдүкенова жерлестерімен кездесті. Талдықорған қаласының меценаттары мен кәсіпкерлері оған "Hyundai Elantra” маркалы автокөлігін сыйға тартты. Сондай-ақ, Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен қолдаушысы Қымбат Досжанға 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады.