Баланы ешқашан ата-әжеге беруге болмайды - танымал педагог-коуч
Танымал педагог-коуч, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын зерттеуші, "Төртеу түгел болса" жобасының спикері Ескендір Бестай бала тәрбиесінде жіберілетін қателіктер туралы айтты. Оның айтуынша баланы ата-әжесіне беруге болмайды. Бұл туралы ол AdminAnon бағдарламасында мәлімдеді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Менің әке ретіндегі үлкен қателігім - ұлымды ата-әжесіне беруім. Оның зардабымен әлі күнге дейін күресіп келеміз. Ата-әженің қолында өскен балада бостандық емес, бассыздық көп болып келеді. Бала - ата-әжеге қартайған шақтағы қуыршақ сияқты. Немеренің рахатын ата-әжесі көргенімен, оның салдарын ата-анасы тартады. Ерте ме, кеш пе, ата-әжесі дүниеден өтеді. Сол кезде бала өзінің ата-анасының отбасына келеді. Сонда бала анасына - ана деп айта алмайды. Ата-анасымен ділдік байланыс болмайды. Осыының салдарынан баланың бойында тұлғалық проблемалар болады, - дейді педагог-коуч.
Ол ата-әженің қолында өскен бала ата-анасымен дұрыс араласа алмай, бауырларынан жырақтап қалады дейді. Бұл баланың қоғамда өз орнын табуға айтарлықтай зиянын тигізеді. Сондықтан да, әрбір ата-ана баласын тәрбиелеуге қателіктерге жол бермеуге тырысу керектігін ескертті.