Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздарына 2 917 000 теңге берілді

Oinet.kz 30-03-2021 1218

Елімізде алғаш рет педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен  20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, оларға алғыс білдірді, деп аххабарлайды БҒМ баспасөз қызметі.

білім ғылым министрлік.jpg

- Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Министр Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрі соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есептілік пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады. Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина бүгінгі таңда педагог мәртебесі заңмен бекітілгенін, ендігі кезекте барлығы мұғалімдердің өздеріне байланысты екенін атап өтті.

- Қазақ халқы ағартушылар мен ұстаздарды төрге отырғызсақ деген еді. Сол идея бүгінгі таңда іске асты. Қазір біз төрде отырмыз. Мұғалімдерді қоғам да мойындады. Ата-ана да, оқушы да мұғалімдерсіз тәлім-тәрбие ала алмайтынын түсінді. Мұғалімдерге барлық жағдай жасалып отыр. Енді мұғалімдердің өзіне байланысты. Сондықтан айтарым, ұстаз осы атаққа лайық болу керек. Ол үшін мұғалімнің жүріс-тұрысы да, киген киімі де, сөйлеген сөзі де өнеге тұтарлықтай болу керек. Мұғалім сондай дәрежеге жетсе ғана оқушылардың жүрегінен орын алады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алғандарлың арасында Алматы облысы № 1 мектеп-гимназиясының химия және биология пәнінің мұғалімі Татьяна Михайловна Станкевич бар. Ол 35 жыл оқушыларға білім берген. Ұстаз шәкірттеріне экологиялық мәдениетті үйретіп, жас еріктілерді тәрбиелеген. Татьяна Станкевич көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы және 2013 жылы «Үздік педагог» атанған.  

«Бүгін ұстаздар үшін айтулы күн. Бұл еліміздегі мұғалімдердің атқарған жұмысына берілген жоғары баға. Оқушының қолына алғаш рет қалам ұстатып, әріп танытқан, білім берген мұғалімдердің зор еңбегіне көрсетілген құрмет үшін алғысым шексіз», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Татьяна Станкевич.

Мемлекеттік наградаға Петропавл қаласының М. Айтхожин атындағы № 1 мектеп директоры Александр Юрьевич Курленя да ие болды. Бұл  марапатты 40 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті басшы бүкіл мектеп ұжымының еңбегі деп санайды.

- Осындай құрметке бөленгенім үшін өте қуаныштымын. Біздің мектебіміздің бой көтергеніне биыл 100 жыл. Бұл мемлекеттік марапатты ұжымдағы әрбір педагогтің атқарып жатқан еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. Мемлекет мұғалімдерге моральдық және материалдық жағынан да қолдау көрсетіп келеді, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Александр Курленя.

Ер адамды өлтірді деген күдікпен павлодарлық әйел ұсталды (видео)
«Бай мен кедейдің, қала мен ауыл арасы алшақтап кетті» - Әшімбаев
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу