Мемлекет басшысы жаңа жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы мониторингі агенттігін құру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құрылсын, оған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттіктері берілсін.
2. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құқықтары мен өкілеттіктерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын", - делінген құжатта.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.