Қазақстанда кімдердің жалақысы өседі? - Асқар Мамин жауап берді
Премьер-министр Асқар Мамин осы жылы бюджет саласындағы бір миллионнан астам қызметкердің жалақысы өсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Oinet.kz.
Бұл туралы Асқар Мамин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Оның сөзінше, осы жылы 1,3 миллион адамға жұмыспен қамтудың әртүрлі шаралары ұсынылады. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,9 процентке дейін төмендетуге мүмкіндік береді, дейді үкімет басшысы. Сонымен қатар, премьер-министр жұмыспен қамту жол картасын іске асыру жалғасатынын жеткізді.
- Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беріледі, - деді Асқар Мамин.
Одан бөлек, еңбек нарығын жаңа жағдайда бейімдеу үшін жұмыспен қамтудың жаңа түрлері енгізілмек. Экономикада құрылатын жұмыс орындарының есебін толық жүргізу үшін жұмыспен қамтудың өңірлік жол карталары жасалады.
Сондай-ақ, еңбек нарығын дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған ұлттық жоспары әзірленеді.
- Осы жылы бюджет саласындағы бір миллионнан астам жұмыскердің жалақысы өседі, - деді Мамин.