Балғынбек Имашев билікке қарсы маңызды үндеу жасады (видео)
Белгілі айтыскер-ақын Балғынбек Имашев биліктегілерге үндеу жасады. Халықтың мүддесіне қайшы келетін заңдарды қабылдап, оны талқылауға салып жүргендерге қарсы екендігін жеткізді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында айтты.
- Алдыңғы поста айтпақ болғанымның жартысы сыймай қалды. Көршілер көтеріліп жатыр. Кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш демекші, көршінің шуы бізге естілмей, жаңғырық бермей қалмайды. Ендеше, етек-жеңді қымтап, толғақты мәселерді шешуді тездетіп қолға алу қажет. Қазақ көшелі халық болған соң көшеге шығару оңай емес. Парламент сайлауы ма, Президент сайлауы ма, бізге аса маңызды емес. Бірақ, дәл мына мәселелерде қазақ баласын үйінде отырғызу да мүмкін болмай қалады:
1. Жер дауы (ол жерді шетелдіктерге сату ма, жалға беру ма, көрші елдер тарапынан агрессия ма, ұлтаралық кикілжің т.б.)
2. Жесір дауы (отбасы құндылығы, бала, жыныстық гендерлік саясат, вакцинация т.б)
Егер шын халықтың жоғын жоқтасаңыздар, халыққа жақындаймыз, халық үнін еститін боламыз десеңіздер, ең әуелі, Ата Заңдағы тіл туралы бапты дұрыстаңыздар!
Одан кейін халықтың мүддесіне қайшы заңдарды қабылдау түгілі талқылауды тоқтатыңыздар.
Тіл түзелмей діл түзелмейді,
Дін түзелмей дым түзелмейді - дейді Балғынбек Имашев.
Айтыскер көтерген мәселелерді қолдаушылар қатары да аз емес. Мұны әлеуметтік желіде жазылған пікірлерден-ақ анық аңғаруға болады.
- "Нағыз Алаштың үні қолдаймын сізді", "Нақты айтыңызшы, көшеге шығасыз ба?", "Мен сіздің айтып отырғаныңызға толығымен қосыламын. Мен де екпеге қарсымын. Бәрі Алланың қолында. Екпеден соң жүз пайыз ауырмайсың деп отырған жоқ, сондықтан салдырмаймын! Отбасылық заңы да дұрыс емес", "Осы заңға қарсы астанада әйелдер шығыпты. Еркектер қайда жүр!?" - дейді желі қолданушылары.
Ақын желі қолданушыларының ""Егер халықтың мүддесіне қайшы заңдар қабылданып жатса, көшеге шығасыз ба!?" - деген сауалына өз жауабын берді.
- Осы заң қабылданса, өзім ғана емес, елді үгіттеп, өзім бастап шығам. Жер сатылса, вацинацияны мәжбүрлесе, қазақ жеріне біреу қол сұқса, көше түгілі, қару алып, соғысуға дайынмын - деді Балғынбек Имашев.