Кремль Навальныйдан қорқады
Ресейдегі өте ықпалды оппозиционер Александр Навальный қамауға алынды. 17 қаңтарда ол Германиядан Мәскеуге ұшып келген бойда ұсталды. Шереметьев әужайында полицейлер Навальныйға қарсылықсыз өздерімен бірге жүруді, егер қарсыласқан жағдайда күш қолданатынын мәлім еткен. Артынша оның 30 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, түрмеде жатқан оппозиционердің жағдайы жаман емес көрінеді.
Жалпы, Навальный көпшілік үшін оншалықты жұмбақ тұлға емес. Біреулер оны әділеттік үшін күресуші, жемқорларды әшкерлеуші ретінде санаса, енді біреулер саясаттың терісін жамылған пайдакүнем деп есептейді.
2012 жылы «Ив Роше Восток» компанисының берген шағымы бойынша Алексей Навальныйды Ресей соты алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды деген айып бойынша 3,5 жылға шартты түрде, ал бауыры Олегті 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Жоғарыда аталған компанияға 4 миллион рубль шығын төлеу міндеттелді. Бұдан бөлек 500 мың рубль айыппұл салды. Бұл іс ақпарат құралдарында «Ив Роша» деген атпен белгілі.
Жоғарыдағы 4,5 миллион рубльді төлемегені үшін Навальныйға шетелге шығуға тыйым салынды. 2017 жылы Еуропадағы адам құқықтары жөніндегі сот ағайынды Навальныйлардың ісін қарап, оған тағылған айыптаулардың негізсіз деп тапты. Алайда Ресейдің құзырлы органдары бұл соттың төрелігін мойындаған жоқ. Навальный осыдан алты жыл бұрын шығарылған осы шешім бойынша тұтқындалып отыр. Оны тұтқындау жөніндегі өтінішті Ресейдің Жазаларды өтеу жөніндегі Федералдық қызметі берген.
Навальный былтыр тамызда Томскіге ұшып бара жатқан кезінде кенеттен жағдайы нашарлап, ауруханаға түсті. Дәрігерлер оның улануы мүмкін екендігін мәлім етті. Оппозиционер дереу Германиядағы ең мықты клиникалардың біріне жеткізілді. Сол жердегі тексеру нәтижесінде Навальныйдың әскери мақсатта қолданылатын, ауызекі тілде «Новичок» деп аталатын затпен уланғаны, тіпті кейбір қасқана улаудың екі мәрте жүргізілгені анықталды. Осы жағдайға байланысты батыстың мемлекет басшыларына дейін өте қатты алаңдаушылық білдірді. Алайда Ресейдің билігі мұнымен келіскен жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, Кремль Навальный осыменен Еуропа елдерінде қалады, Ресейге қайтып оралмайды деп дәмеленсе керек. Кім біледі, оппозия жетекшісімен астыртын осындай келісім жасалған болуы да мүмкін. Алайда Навальный Ресейге оралды. Кремль оның қайтып келгелі жатқанын бірнеше күн бұрын білген. Оның күтіп алуға әзірлік жұмыстары қызу жүргізілді. Қаңтардың ортасына қарай Жазаларды орындау жөніндегі қызмет Навальныйға «Ив Роша» ісі бойынша іздеу жариялады. Бәрі осылайша бір-бірімен сабақтаса кетті. Бірақ бар мәселенің түп-тамыры саясатпен байланысты екендігі айтпаса да түсінікті ғой.
Айтпақшы, Навальный тұтқындалардың алдында өзінің жақтастырын жаппай митингіге шығуға шақырды.
-Мен үшін емес, өздеріңіздің келешектеріңіз үшін шығыңыздар,-деді ол.
Митинг 23 қаңтарға жоспарланып отыр.