Түркімендер қара нанға зар болып отыр
Соңғы жылдары халқының әлеуметтік жағдай ауырлап кеткен Түркіменстанда жағдай күн санап қиындап келеді. Азық-түлік тапшылығына ұшыраған елді ашаршылық болып кетсе, таңқалуға болмайды.
Мары уәлиаты тұрғындарының айтуынша, қара халық мемлекеттік дүкендерден нан сатып ала алмайтын дәрежеге жеткен. Себебі шенеуніктер нан сатып алу үшін арнайы анықтаманы талап ететін тәртіп енгізген. Жұрт жаппай әуре-сарсаңға түсіп жатыр.
Анықтамада сатып алушының отбасы мүшелерінің саны көрсетіледі. Сатушы оған нанды осы анықтамаға қарап береді. Анықтаманы үй комитетінің төрағасынан алу керек. Ал өз кезегінде үй комитетінің төрағасы анықтама беру үшін су мен газдың және жарықтың ақысының төленгені туралы түбіректі талап етеді. Әйтеуір айналып келгенде әркім мәжбүрлікті пайдаланып қалуға тырысады. Қарапайым нанның өзін сатып алу мұңға айналған соң басқасына не айтуға болады. Бейшара халық қалай күн көреді?
Түркіменстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ, жарық, ауыз су үшін ақы белгіленді. Бұған дейін Түркіменстанда аталған қызмет түрлерін пайдалану тегін болып келген.