Ханзада Есенова заң аясында дұрыс жұмыс істеп жатыр - Сүндет Сейітов
Бүгін танымал айтыскер ақын, "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Біржан Байтуов "мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілде жазылған қызметтік хаттар мен жылдық есептердің орысша нұсқасын да дайындауды міндеттеп жүр" - деп Шымкент қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованы Facebook-тегі парақшасында сынға алған еді. Айтыскер ақынның осы сынына жазба ақын, "Шымкент қаласының үздік ақыны" номинациясының иегері Сүндет Сейітов өз парақшасында жауап берді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Сүндеттің айтуынша, басқарма басшысы Ханзада Әзімханқызы мемлекеттік тілге қатысты заң аясында дұрыс жұмыс істеп отыр.
- Кешелі бері лентаны жаулаған Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова жайлы посттар көзіме оттай басылды. Посттардың мазмұны "Мемлекеттік тілдің" ахуалын білдіреді.
Өткенде ғана Көрме орталығында басқарма басшысының мекеме қызметкерлерімен жиналысы болды. Мен сол жиналысқа кездейсоқ тап болдым. Енді көзбен көріп, құлақпен естігенімді айтайын:
1. Барлық хаттар мемлекеттік тілде жазылу керектігі һәм қосымша орыс тіліндегі үлгісі де болу керектігі;
2. Орыс тіліндегі кіріс хаттарды мемлекеттік тілдегі нұсқасынсыз қабылдамау;
3. Басқармаға қарасты мекемелер арасындағы хат алмасу қазақ тілінде (орыс тілінсіз) жазылуы міндеттелген.
Бар болғаны осы.
Мысалы, мен Әлеуметтік қорғау басқармасында баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүргенімде, министрліктен келетін хаттардың орыс тілінде ғана жазылатынын байқадым. Содан мен министрлік қызметкерлеріне, оның ішінде "исполнительге" хаттың қазақ тіліндегі нұсқасынсыз өзімнің ешқандай жауап бермейтінімді ашық айттым. Соңыра ашық талап еттім. Олар ақыры менің талабымды орындауға көшті. Мен де екі тілде жауап беріп отырдым.
Бұл әуелден бар. Оны орындамасаң, тағы бір жұмыс... Қысқасы солай, - дейді Сүндет Сейітов.
Сонымен қатар ақын бұл жерде басқарма басшысының кінәсі жоқтығын, барлық мәселе - Тіл туралы Заңның бесінші бабына байланысты екенін алға тартады. Бұл бап жойылмайынша тіл үшін күресу орынсыз екенін жеткізді.
- Енді біз мына мәселеге назар аударайық:
Тіл туралы заңның 5 бабында орыс тілінің мемлекеттік тілмен тең қолданыста болатындығы жазылған. Осы бір заңның айналасында мыңдаған айғай-шу орын алып келеді. Ұлтараздық та осы заңның кесірінен туып отыр. Оны өздеріңіз де білесіздер!
Қазақ тілінсіз орыс тіліндегі хатты, орыс тілінсіз қазақ тіліндегі хатты қабылдамау тіл туралы заңда сыздауықтай сыздатып-ақ көрініп тұр. Ал, бұл талап — ғаршыға жақын жақтағылардың талабы...
Бұдан соң басқарма басшысының заңды түрде әрекет еткенін байқай аламыз. Әрине Ханзада Есенованікі дұрыс. Өйткені, ол заңға да, талапқа бағынып отыр.
Заңды тұлға жеке тұлғаның тілінде сөйлеуі керек. Қазақша болса, қазақша, орысша болса, орысша жауап беру керек. Ал, басқарма басшысының екі тілде сөйлесе алатынын білемін.
Қала әкімі бейтарап болып, дұрыс шешім қабылдап, қазақ тіліне басымдық беруге ықпал етсе, бұл да бір қуаныш болмақ.
P/S: Тіл туралы заңның бесінші бабын жоймай, біздің қазақ тілі үшін күресіміз орынсыз, - деп сөзін қорытындылады Сүндет Сейітов.