Несиеге рақымшылық жасалуы мүмкін
Қазақстан коммунистік халық партиясы халыққа несие рақымшылығын жасау бастамасына байланысты елордада отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Oinet.kz сайты.
«Кеше өздеріңіз білетіндей, біз халықтың, шағын және орта бизнестің несиеге батып кеткенін айтып, Үкіметке сауал хат жолдаған едік. Біз жалпы халықпен етене жұмыс жүргіземіз. Көбінің мәселесінен хабарымыз бар. Азаматтардың көбі несие жүктемесіне байланысты қиналатынын айтады. Себебі халықтың ішінде 4-5 банкте қарызы бар азаматтар бар. Оларды өтеу тым қиын. Халықтың көбі осындай тығырықта тұр», - дейді ҚКХП ОК хатшысы, ҚР Парламентіндегі аталмыш партия фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров ҚКХП Нұр-Сұлтан қалалық комитетінің кеңсесінде өткен отырыста.
Оның айтуынша, қазіргі заңнамаға сәйкес азаматтардың алған қарызы үшін банктер мен микроқаржылық ұйымдардың алдындағы жауапкершілігі күшейген. Қаржылық институттар қайтарылмаған қарыздар үшін азаматтардың құқығын шектей алады.
«Кейбір қаржылық институттар азаматтардың ел ішінде қозғалысын шектеуге дейінгі құзыретке ие болған. Тіпті пойыз бен ұшаққа отырғызбауға дейінгі жағдайлар кездеседі. Мұның ақыры экономиканы деградацияға ұшыратынын ескеру керек», - деді ол.
Айқын Қоңыровтың сөзіне сенсек банк секторының экономиканың шынайы секторындағы күші басым.
«Экономистердің айтуынша бұл жағдай қазір өзінің логикалық түйініне тақап қалған. Өткен ғасырда Батыс елдерінің банкирлері мен капиталистері экономиканың басым бөлігінің несиеге бату мәселесімен бетпе-бет келген. Алайда кейін совет билігі құлап қалды да, жаңа нарықтарға жол ашылды. Тиісінше олар бұл жүйені жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бірақ біздегі жағдайды ойлайық. Қазір Қазақстан халқының 90 пайызында несие бар. Қазір көп адамда енді несие алатын жағдай да жоқ. Себебі жаңадан қарыз алу үшін ескісін жабуың керек. Ал ескі несиені жабу үшін табысың болуы тиіс. Ал девальвацияға байланысты халықтың табысы түсіп кетті. Сол себепті халықта оны жабар шама да жоқ», - дейді ол.
Еске сала кетсек, кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары атынан Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдаған болатын. Олардың айтуынша елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлегенімен, қазір объективті себептерге байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет.