Украинадағы президент сайлауында шоумен Зеленский жеңіске жетуі мүмкін
Украина әлеуметтану қызметі 31 наурызда өтетін сайлау алдындағы соңғы жүргізген сауалнама нәтижесін жариялады.
Сауалнама нәтижесі бойынша, сайлауалды рейтінгінің көшін бастап тұрған шоумен Владимир Зеленский. 25- 28 пайыз сайлаушылар оның кандидатурасын таңдаған.
Екінші және үшінші орында қазіргі президент Пётр Порошенко мен оппозициялық "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко тұр. Рейтинг бойынша екеуін қолдаушылар саны 17 пайыз шамасында.
Юлия Тимошенко қаңтарға дейін жүргізілген сауалнамада лидер болған. Бірақ қазір Зеленский алда тұр.
31 наурызда өтетін сайлауда көп дауыс жинаған президенттіктен үміткерлер екінші кезеңге өтеді. Ал бірінші кезеңнің өзінде жеңіске жетіп президент атану үшін, сайлаушылардың 50 пайыз дауысын жинауы керек. Әлеуметтанушылар бұл мүмкін емес деп отыр.
Сайлау бюллетенінде барлығы 39 үміткер.
Порошенко өзінің сайлауалды кампаниясында Ресей агрессиясына қатаң жауап беріп, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылауға уәде береді. Тимошенко да Ресейге қарсы қатаң саясат ұстанады. Ол Порошенконың әлеуметтік-экономикалық саясатын сынайды. Зеленский болса жас сайлаушыларға сенім артып, саясатты жаңарту қажет деп есептейді.