Тоқаев педофилді ұстаған полиция қызметкерін «Айбын» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматыда педофилді ұстаған полиция майоры Бақытжан Бәкіров ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы полиция департаменті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Әнуарбекұлы Бәкіров II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталсын", – делінген құжат мәтінінде.
Айта кетейік, 11 шілде күні Алматыда үй тонап, кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлады деп күдіктелген ер азамат құқық қорғау органдары қызметкерлерінен қашу кезінде 13-қабаттан секіріп кеткенін жазған болатынбыз. Кейінірек 36 жастағы полиция майоры Бақытжан Бәкіров те қылмыскерді ұстау үшін адам сенгісіз жағдайға барғаны анықталды. Тәртіп сақшысы күдіктінің артынан жоғары қабаттан секірген екен. Бәкіров осы әрекеті үшін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың "Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды. Медальді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов табыстады.