Сот Бақауовтың үйқамаққа алыну себебін түсіндірді
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі Болат Бақауовтың ісіне қатысты жағдайдың шамалы өзгергенін, сондай-ақ, уақытша тергеу изоляторында болғанда оның денсаулығы нашарлағанын мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеу кезінде мемлекеттік айыптаушы Болат Бақауовтың мәртебесін ескеру керектігін атап өтті. Ол кезде айыпталушы Павлодар облысының әкімі қызметінде болған.
Прокурор оның мұндай жоғары лауазымда бола тұрып, тергеу барысына ықпал етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал бірнеше күннен кейін Бақауов қызметінен босатылды.
Облыстық сотта түсіндіргендей, экс-әкімді үйқамаққа ауыстыруға бір жағынан осы жағдай себеп болған.
Екінші себеп – денсаулық жағдайына байланысты. Оның денсаулығының нашарлағаны қаңтар айында да айтылған болатын. Шамасы қазір шенеуніктің хәлі тіптен нашарлап кеткен.
Еске сала кетейік, 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады.
16 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған қатысты пікір білдіріп, 15 қаңтарда аймақ басшысына қатысты жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілгенін мәлімдеді.
Кейін ҰҚК Бақауовтың қандай күдікке ілінгенін хабарлады.
21 қаңтарда мемлекет басшысының жарлығымен Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылды.
Ал 19 ақпанда экс-әкімге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілгені белгілі болды.