Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Биылғы жаңа жылды ешкім күтпеген «сюрпризбен» бастаған Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына қатысты «жыр» әлі таусылмай тұр. «Жығылғанға жұдырық» деген осы. Онсыз да балабақша мен мектепті, аудандық білім бөлімдерін шарпыған былық-шылық, парақорлық пен алаяқтық, сыбайлас жемқорлық енді міне, облыстық білім басқармасының басшыларына да жеткен сыңайлы. Бұл нені білдіреді, «балықтың бастан шіритінін» бе?
Былтыр жыл соңында Дінислам Болатханұлы білім саласындағы жемқорлықты жою үшін құрған қадау-қадау жоспарларын облыс әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен жиында талқылап, облыс басшысына «жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдеріне талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылатын болады» деген уәде беріп шыққан еді. Апыр-ай, сыбайластық тәуекелдерін талдауды облыстың бас ұстазы алдымен өзінен бастауы тиіс екен. Арада бір ай өтер-өтпес мынандай масқара жағдай болады деп кім ойлаған?!
Енді басқарма басшысы жемқорлықпен күресу былай тұрсын, былық-шылықтан, күмән мен күдіктен өзінің қара басын ақтап алып шыға алмай жатыр. Міне, сізге парадокс!
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының, оның екі орынбасары және бөлім басшысының пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат биыл жыл басында әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Екі ортадағы параның көлемін кейбіреулер 11 миллион теңге деп көрсетті. Алайда «11 миллион теңге параға» қатысты әңгімеге не басқарманың басшысы, не құзырлы органдар түсінік берген жоқ. Лауазымды шенеуніктің, облыстың білдей бас мұғалімінің осы мәселеге байланысты ләм-мим демеуі, мән-жайды түсіндірмеуі біраз күдікке жетелегені рас.
Біз осы жәйттың анық-қанығын білу мақсатында облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбекке хабарласқан болатынбыз:
– Түсініктемені біз бермейміз. Басқарма қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Барлығы жұмыс орнында. Қандай да бір күдіктеріңіз болса, антикордан сұраңыздар,– деді ол.
Хатшы Дінислам Болатханұлының да, оның екі орынбасарының да жұмыс орнында отырғанын нақты мәлім етті. Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіндегілер де бұл іс жөнінде ақпарат беруге асықпады.
«Ресми мәлімет агенттіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында жарияланады»,– деген түсініктемемен шектелді.
Ал Түркістан облыстық соты білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның екі орынбасарына және бір бөлім басшысына қатысты Түркістан қалалық тергеу сотымен санкциялар берілгенін мәлім етті. Бірақ санкциялар қамауға алумен байланысты емес, жедел-іздестіру шараларымен, дәлірегі күдіктілердің үй-жайларын, көліктерін тінтуді санкциялауға қатысты болып шықты. Осыдан кейін Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларына қатысты істің арты сұйылып кетті. Тіпті ұмытылып кетті десек те болады. Бірақ жақында оны бас ұстаздың өзі қайта еске салды.
– Қандай жағдай, оқиға болмасын, жұмысымда ашықтық пен жариялылық принциптеріне басымдық беремін. Бағзыларыңыз хабардар болуларыңыз керек, бұдан бұрын жемқорлыққа қарсы ведомство тарапынан облысымыздың білім басқармасының басшылығына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Тексеру қорытындысымен бөлісу қажет деген оймен, менің жұмысымда қандай да бір жемқорлық заңбұзушылықтардың болмауы себепті, істің жабылғанын хабарлаймын,– деп жазды Дінислам Болатханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шыны керек, басқарма басшысының осы қылмыстық істен құтылып шыққанына өз басымыз қуанып қалдық.
Алайда мұның арғы жағында біраз күдік-күмәннің көлденеңдегені жасырын емес. Тергеп, тексеру амалдары жарты жылға жуық уақытқа созылатындай бұл неғылған іс? Құзырлы органдардың облыстың бас мұғалімінің соңына шырақ алып түсетіндей ол не бүлдірді? Өкінішке қарай, Дінислам Болатханұлы бұл жөнінде әңгіме қозғамаған. Неге?
Тәжірибеден білетініміздей, сыбайлас жемқорлыққа күдікті деп танылған шенеунік қылмыстық істен сытылғанымен, тәртіптік істен жалтара алмайды. Дінислам Болатханұлының ісі де осы талап-тәртіпті айналып өте алмаған. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, қылмыстық іс жабылған соң антикор облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде хат жолдаған. Алайда басқарма басшысы мұнымен келіспей, антикордың хатын даулап, сотқа талап арыз берген. Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік соты жуырда осыған қатысты ұйғарым шығарды.
Ұйғарымға қарағанда, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасары Бауыржан Ахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни пара алу бабы бойынша жүргізілген.
Бірақ күдіктілердің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылған (ал бөлім басшысының аты-жөні еш жерде кездеспейді. Ж.Т).
- Департамент 22 мамыр 2023 жылы Түркістан облысы әкіміне жолдаған хатында лауазымды тұлғалар – Д.Болатханұлы, Б.Ахметов пен Н.Нұрлыбаев мемлекеттік қызметкер бола тұра, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде жүргізуге міндетті болуына қарамастан, өзіне бағынышты ұжымда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастырудың орнына қарамағындағы қызметкерлерге заңсыз тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бергенін көрсеткен. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабының 1, 2 - бөліктеріне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы. Ұсынулар қолданылған шаралар туралы міндетті түрде хабардар етіле отырып бір ай мерзімде қаралуға тиіс,– деп жазылған Түркістан облыстық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы М.Шариповтың 8 маусым күні шығарған ұйғарымында.
Осыларды негізге алған сот антикордың лауазымды тұлғаларға шара көру туралы ұсынымы әкімшілік актіге жатпайтынын алға тартып, талап арызды кері қайтарған.
Яғни Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жоғарыда аты аталған құзырлы органның берген ұсыныс хаты бойынша тиісті шешімді жақын арада қабылдайды деген сөз. Оның қандай шешім болатынына алдын ала болжам айту қиын. Дегенмен Дархан Сатыбалдының сыбайлас жемқорлыққа төзімсіз басшы екендігі әмбеге аян.
Естреңізде болса, былтыр ол қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық қылмысы үшін отставкіге үш мәрте арыз берген Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевты атқарып отырған лауазамынан босатты. Былтыр желтоқсанда Сауран ауданының әкімін тағайындау кезінде облыс басшысының:
«Ең бірінші кезекте қоғамды дамытуға кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Егер осы мәселеден кемшілік жіберсе, қандай мықты әкім болса да, жұмыстан кетеді»,– дегені есте қалыпты.
Биыл ақпанда Түркістан қаласы халқымен өткен кездесуде Дархан Сатыбалды: «Жемқорлыққа жол берген басшылар мен мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде жұмыстан босатылады», деген болатын. Коррупцияға қарсы күресте осындай қатаң ұстанымдардан кейін Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының креслоларын сақтап қалады деп айту қиындау сияқты.
Соңғы уақытта Түркістанның білім саласында сыбайлас жемқорлықпен сотталудың жиілеп тұрғанын да айтпасқа амал жоқ. Былтыр Сайрам, биыл Төлеби, Шардара аудандық білім бөлімдерінің басшылары осындай айыптармен сот алдында тиісті жазаларын алды. Рас, бұл қылмыстық істер Дінислам Болатханұлы басқарма басшысы қызметіне келгенге дейін қозғалған. Бірақ облыстың бас ұстазының үстінен қарамағындағы орынбасарларымен бірге қылмыстық істің қозғалуы да біздің өңірде бұрын-соңды болып көрмеген жағдай.
Облыстың білім саласын былық-шылықтан тазартады деген азаматтың өзі қарамағындағыларға заңсыз тапсырмалар жүктеп, сыбайлас тәуекелдеріне жол беріп жатса, басқалардан не күтуге болады?
Абырой-беделдің қадірін білетін, тазалық, әділдік принциптерін басшылыққа алатын шенеунік үшін елдің сенімі, үміті ең басты мәселе емес пе? Жоғарыдағы айыптаулардан кейін Дінислам Болатханұлына ел, әріптестері сенім арта ала ма? Үстінен «пара алды» деген айып бойынша іс қозғалған басшы қылмыстық істен құтылғанымен, ондай адамның енді облыстың бас ұстазы болуға моральдық құқы бар ма? Әліптің артын бағып көрейік.