Шымкентте ерікті жастарға арналған семинар тренинг өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жыл – Волонтер жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ерікті жастарға арналған семинар тренинг өтті.
Айта өтейік, ел аумағында волонтерлік қызметтің бірнеше бағыттары анықталған.
Олар:
1. «Білім» жобасы бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек ұйымдастырылады.
2. «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасайды.
3. «Саулық» жобасы адамдарға медициналық көмек көрсетуге ықпал етуді,
4. «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтады.
5. «Асыл мұра» жобасы аясында волонтерлер мәдени-тарихи мұраның қорғалуы мен сақталуына атсалысады.
6. «Қамқор» жобасы шеңберінде еріктілер қарттар үйлеріндегі адамдарға қол ұшын созады.
7. «Үміт» жобасы бойынша волонтерлар Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.
Әлсізге қолұшын созу, жасы үлкен адамға көмектесу, жетім-жесірге қамқор болу – дұрыс қағидаларды ұстанатын кез келген қоғамның ажырамас бөлігі. Ел Президенті қазақтың асар дәстүрі волонтерлықпен үндесетінін, сол себепті ағымдағы жылы қайырымдылық жасауды заманға сай жаңғырту қажет екенін мәлімдеген еді.
Шымкентте «Білім» және «Саулық» жобасы аясында бағыттарды дамытуға ерекше мән берілген. Сондай-ақ Шымкенттік еріктілерді біріктіретін арнайы әлеуметтік желілерде чат құру көзделіп отыр. Сонымен қатар Qazvolunteer.kz сайтына байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.