Түркістан: Халықаралық білім ордасының студенттерімен ашық кездесу өтті
Мемлекеттің тұтқасын берік ұстап, болашаққа нық қадам басатын адал ұрпақ өсіру – мемлекет саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Ел жастарының әділдік, парасаттылық құндылықтарына қанық болып өсуі – Қазақстанды қуатты мемлекеттер қатарына қосуға және бәсекеге қабілетті елдердің көшін бастауға негіз болады.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Кентау қаласы бойынша филиалында болып, студент-жастармен келелі кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – ел ертеңін құрайтын жастарды жемқорлықтан азат адал қоғам қалыптастыруға дәріптеу және білім беру жүйесінде сыбайластық әрекеттердің белең алуына жол бермеу.
Өз кезегінде Ғ.Жүндібаев студенттерді сапалы білім алуға жігерлендіріп, адал еңбек пен таза білімге иек артқан жастар - жарқын болашақтың берік іргетасын қалайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, өңірдегі білім ошақтарында бастау алған «Таза сессия» акциясының қоғам алдындағы маңыздылығын түсіндіріп, білім алушыларды алдағы қысқы сессия кезінде құқықбұзушылыққа жол бермеуге шақырды.
Түсіндіру жұмыстары барысында халықаралық білім ордасының студенттері арасында сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіліп, әлемдік індетке тосқауыл қою үшін азаматтық белсенділіктің жоғары болуы тиіс екендігі жіті түсіндірілді.
Шара соңында көпшілік назарына адам болмысындағы ең ізгі қасиеттер - «Адалдық. Парасаттылық. Әділдік. Сенім» тақырыбында арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылып, жалынды жастар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауаптар берілді.