Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар жұмысқа қалай тартылатын болады?
Қазақстан билігі мүгедектектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға дейін арттыруға ниетті. Ол үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі жағдайды талдап, әлемдік тәжірибені зерттеді, мүгедектігі бар адамдармен, ҮЕҰ және жұмыс берушілермен бірқатар кездесулер өткізді. Нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі проблемалар және шешілуі қажет міндеттер анықталды.
Жақында Алматыда өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында сөз сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2025 жылға дейінгі Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспарды іске асыру аясында алдағы жылдары не істеу керектігін егжей-тегжейлі баяндады.
Бірінші міндет - мүгедектігі бар адамдарды еңбек нарығына сапалы дайындау. Осы бағыт шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құзыреттілігі бойынша деректер базасын құру жоспарлануда. Мүгедектер жұмыс істей алатын кәсіптердің атласы әзірленетін болады. Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ІТ-дағдыларға мүгедектігі бар адамдарды оқытуды жүргізу жоспарланып отыр, олар бағдарламалауға, өз бизнесін ілгерілетуге, электрондық коммерциямен және т. б. айналысуға мүмкіндік береді.
Барлық өңірлерде 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік бейімдеумен және оңалтумен айналысатын Оңалту орталықтары жұмыс істейтін болады. 2020 жылы 3 оңалту орталығын, 2021 жылы тағы 3 оңалту орталығын салу жоспарлануда. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру есебінен жеке оңалту орталықтарын дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Екінші міндет мүгедектігі бар адамдардың кәсіпкерлікте жұмысқа орналасуын және жәрдемдесуін көздейді. Негізгі тетік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болады, оның аясында жыл сайын кемінде 15 мың мүгедектігі бар адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға 500 микрокредит және 380 грант, 2021 жылы 550 микрокредит және 420 грант бөлу жоспарлануда.
Бұдан басқа, жұмыс орындарын құруды субсидиялау механизмі қайта қаралатын болады. Стандарттар жеңілдетіледі, соның нәтижесінде 2021 жылдан бастап кемінде 200 арнайы жұмыс орнын құруды субсидиялау басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы штаттық позицияларға, оның ішінде басшылық лауазымдарға тағайындау ұсынылады. Кадрларды іріктеу жұмыс тәжірибесі бар және біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар қатарынан жүргізіледі.
Үшінші міндет-мүгедектігі бар адамдарды тиімді жұмыспен қамту үшін жағдай жасау. Бұл бағытта мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу және оңалту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру үшін егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мүгедектігі бар адамдарға 111 колл-орталық, халықты жұмыспен қамту орталықтарының байланыс нөмірлері, сондай-ақ есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдалануға ыңғайлы мессенджерлер арқылы консультациялар көрсетілетін болады.
Кедергісіз орта мен қолжетімді көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту болжанып отыр.
Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді өз бетінше таңдау құқығын беру үшін келесі жылдан бастап Amazon және Alibaba сияқты табысты сервистер қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтер порталы енгізілетін болады. Бұл 338 мың қызмет пен оңалту құралдарын ұсыну мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді және 101 млрд теңгеге жуық игерудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Төртінші міндет – мүгедектіктің алдын алу және профилактика. Осы бағыт шеңберінде Қазақстанда халықаралық Әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» жарақаттанудың нөлдік тұжырымдамасын енгізу жоспарлануда.