Облыстық клиникалық аурухана. Тың бастамалар бар

Oinet.kz 20-06-2017 1388

Облыстық клиникалық аурухана.jpg

Көк қан тамырларының кеңеюі бүгінде жиі кездесетін сырқаттар қатарына жатады. Әйелдер мен ерлер арасында бірдей кездеседі. Медицина мамандарының айтуынша  аталмыш аурудың негізгі себебі тұқым қуалаушылық. Сондай-ақ адамдардың өзіне физикизалық күш түсіруі, ауыр заттарды көп көтеруі және ұзақ уақыт тік тұрып жұмыс істеу. Көк қан  тамырлары кеңейген жағдайда дер кезінде тиісті ем-шараны қабылдау қажет. Ал асқынған жағдайда оның емі біреу ғана – хирургиялық ем. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген Шымкенттегі  Облыстық клиникалық аурухана  көк қан тамырларының кеңеюін лазерлі тәсілмен емдеуді қолға алды. Таяуда ауруханаға  Қазан Мемлекеттік медицина академиясының доценті, жоғарғы санатты хирург Дмитрий Славин келіп, жергілікті дәрігерлермен тәжірибесімен бөлісті. Білікті дәрігер мұнда лазерлі тәсілмен  4 науқасқа ота жасады.

«Лазермен емдеу кезінде тек қана теріні тесіп, көк тамырға жарық өткіземіз. Ол ультрадыбыстық аппарат арқылы беріледі. Аяқтағы көк қан тамырларының кеңеюін емдеудің осы тәсілі АҚШ, жалпы Еуропа елдерінде 15 жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді. Ресейде де дамуда. Менің мұндай оталарды жасауда жеті жылдық тәжірибем бар. Сол тәжірибемен бөлісу үшін шымкенттік мамандармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмын. Байқағаным аурухананың мүмкіншілігі зор екен, дәрігерлері де білімді»,- дейді қазандық дәрігер. 

Кезек күтіп, порталмен келгендердің бірі – Баян Жаппасбаеваға дәл осындай ота жасалды.  Көпбалалы ананы біраз жылдан бері аяқтары ауырып мазалаған көрінеді. Тәжірибелі хирургтің ем-домынан кейін ол өзін жақсы сезінгенін айтты. 21 жастағы Ұлбосын болса ота барысында ешқандай ауырсынуды сезінген жоқпын дейді. Отаға дейін жүріп-тұруы қиындаған бойжеткеннің қазіргі қозғалысы ширақ. Дәрігерлер оған 6 ай күтімнің керектігін айтты. Студент енді аяққа артық салмақ түсірмей, мамандардың кеңесіне құлақ түріп жүретінін тілге тиек етті.  Лазерлі тәсілмен тағы 2 науқасқа ем жүргізілді. Эндовенозды лазерлі облитерациялаудың артықшылығы, сол аяқтағы тамырды алу үшін теріге ешқандай тыртық түспейді. 

«Аталған ауру халықтың  орта есеппен 40-50 пайызында кездеседі.   Ал жүкті әйелдердің 90 пайызы көк қан тамырларының кеңеюінен зардап шегіп жатады. Бұрын мұндай науқастарға ота жасалғанан кейін ауруханада бір апта жататын. Аяққа тұрып кетуіне біраз уақыт кетеді. Оның үстіне отадан кейін аяқта біраз тыртықтар қалады. Бұл әрине, әсіресе,  қыз-келіншектер үшін аздап ыңғайсыздық тудыратын. Ал қазіргі лазердің көмегімен жасалатын операциядан кейін денеде ешқандай тыртық қалмайды. Отаны таңертең жасасақ, науқасты кешкісін үйіне жібере аламыз. Барлық құрал-жабдық, заманауи аппараттарымыз жеткілікті. Бүгін клиниканың мамандарына шеберлік сыныбын өткізген ресейлік екі маманға алғысымды білдіремін. Жалпы біз олармен алғаш рет байланыс орнатып отырған жоқпыз. Өткен жылы екі дәрігеріміз Қазан қаласына барып оқып келген болатын. Биыл да екі маманды жіберуді жоспарлап отырмыз»,- дейді іскерлігі мол аурухананың бас дәрігері  Марат Пошымов.  

Жетістіктерімен қуантып келе жатқан облыстық клиникалық ауруханада жақында тағы бір ерекше ота жасалды. Жергілікті дәрігерлер Шымқаланың 96 жастағы тұрғынына жасанды жамбас  буынын орнатып берді. Урян Есжанова бірнеше жыл бұрын үйінде құлап қалып, жамбасын жарақаттап алған. Алғашында мән бермегенімен уақыт өте келе қария өздігінен жүріп-тұрудан қалыпты. Кейінен әжейдің туыстары мамандардың көмегіне жүгінген. Ортопедия бөлімінің меңгерушісі   Әбдіғани Құдайбергенов науқасқа жасанды жамбас буынын қоюға болатынын айтқан. «Ауруханамызда 96 жастағы науқасқа мұндай ота алғаш рет жасалынды. Әдетте жасы келген адамдардарға операция жасау оңай емес. Соған қарамастан біз отаны сәтті аяқтадық. Қазір қарияның жағдайы жақсы. Жасанды буын науқасқа ұзақ жыл қызмет етеді деген ойдамыз. Жалпы мұндай операцияны біздің дәрігерлер бұрыннан жасап келеді. Тек бұған дейін науқасты  отадан кейін аяққа тұрғызу қиындау болатын. Ал қазір заманауи аппараттардың арқасында науқастар тез сауығып, аяққа тұрып кетуде»,- дейді бөлім меңгерушісӘ. Құдайбергенов. 

Жасы келсе де тың көрінетін Урян әжей дәрігерлерге батасын беріп, ұжымға алғысын білдірді.

Соңғы жылдары Қазақстанда орта жастағы адамдар санының   ұлғаюына байланысты травмотологиялық проблемаларда жиілей түскен. Жылына шамамен халықтың 10 пайызында орта жілік сынады екен.  Медицинаның соңғы жетістіктерін меңгерген аурухананың ақ халаттылары жылына осындай 20-30 операцияны жасайды. Жыл басынан бері мұнда егде тартқан алты қарияға жасанды буын қойылыпты.                                       

Фармация саласына серпіліс керек 

Қазақстан аумағында алты мыңнан астам өсімдік түрі бар. Оның 760-ның басқа ешбір жерде өспейтіні дәлелденген. Осындай бай флорамыздың барына қарамастан қарапайым халық Кытай, Тибет секілді елдердің   шөп тұнбаларынан жасалған дәрі-дәрмекке құмар. Себебі өз өлкемізде дәрілік өсімдіктер өндірісін қолға алып, өрісін кеңейтуге жіті көңіл бөлінбей келеді. Осы және өзге де фармация саласының өзекті мәселелері  Оңтүстік Қазақстан медициналық фармацевтикалық академиясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференциясында сөз болды. 

«Заманауи фармация мен медицинадағы инновациялық жетістіктер» атты тақырыпта өткен іс-шарада бас қосқан профессорлар  дәрі-дәрмек индустриясын дамыту керектігін айтты. Оқу орындағы клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі Закира Керімбекова Оңтүстікте дәрілік өсімдіктерді өңдейтін арнайы шаруашылықтарды құру керектігін алға тартты. Оның айтуынша фармацевтикалық кластерді дамыту бойынша студенттердің ғылыми жобалары көп екен. Айта кетейік, еліміздің фармацевтiк өнеркәсiбiне арналған жабайы өсiмдiк шикiзатының 60 пайыздан астамы түстік өңірден алынады. Елбасы өткен жылы жергілікті фармацевтерге емдік қасиеті жоғары 21 шөптен дәрі дайындауды тапсырған болатын. Ендеше, емдік өсімдіктерге бай оңтүстік өлкесінде дәрілік заттарды шығаруға мүмкіншілік зор. 

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар жұмысқа қалай тартылатын болады?
Абдуғаппар Сманов дінді мазақ еткен Төлендиевке ренжулі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу