Өскеменде жылу маусымы басталғалы екі адам зардап шекті
Өскемен қалалық өрт сөндірушілер басқармасы жылу маусымы басталғалы 2 адам иіс тиіп, зардап шеккенін айтты. Оның бірі – 2 жасар бала, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Құтқарушылар жеке секторларды аралап, тұрғындарға ескерту қағаздарын таратып, пештердің орналасу тәртібін бақылап жүр. Олардың айтуларынша, көпшілік қарапайым сақтық ережелерін ескермеуі салдарынан, қауіпке ұрына жаздайды. Қазір иіс тиюдің алдын алу үшін қалада газоанализаторлар орнату барысы да жалғасып жатыр. Айта кету керек, жыл басынан бері жер үй иелері тарапынан өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға байланысты 3 жарым мың дерек тіркелген.
Әрбір екінші үйде өрт қауіпсіздігінің ережелеріне қарама қайшы жайларды кездестіруге болады. Пеш құрылымындағы ақаулардың барлығына салғырт қарамау керек. Өйткені өрт шығу үшін немесе улы газ жайылу үшін соның өзі де жеткілікті.