Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар «Реал Мадрид» футбол клубымен кездесуге аттанды
Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жатқан 11-14 жас аралығындағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар Мадрид қаласына, әлемге танымал «Реал Мадрид» футбол клубымен кездесуге аттанды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
10-13 қыркүйекте Алматы қаласында Испаниядағы үздік клубтардың бірі - «Реал Мадрид» футбол клубымен кездесу үшін балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында 12 мықты команда өзара бақ сынасты. Жалпы, жоба бойынша 300-ге жуық футболшы баланың атынан өтінім қабылданды.
«Чемпионаттың басты мақсаты - балаларды ынталандыру және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетімдер арасында талантты футболшыларды дамыту. Біздің қор бірнеше жыл қатарынан осындай бұқаралық спортты дамытуға көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, бүкіл ел бойынша қазіргі заманғы спорт және балалар ойын алаңдарын орнату бойынша жоба іске асырылуда, дарынды балаларға жол гранттары үлестірілуде, республикалық жазғы спартакиада өтті», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Иргебаев.
Балалардың Испанияға сапары «Реал Мадрид» футбол клубымен кездесумен есте қалады. Сонымен қатар олар Испания королінің сарайына, «Сантьяго Бернабеу» стадионы мен мұражайына, Қазақстанның Испаниядағы консулдығына саяхаттайды. Сапар 27 қазанға дейін жалғасады.